Қазақстанда ұсталған 14 Оңтүстік Корея азаматы халықаралық алаяқтық желісінің мүшелері болып шықты

Оңтүстік Корея бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда жүргізілген ауқымды арнайы операцияға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 14 Оңтүстік Корея азаматының ұсталғанын мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҰҚК мәліметінше, шетелдіктер телекоммуникациялық жүйелер арқылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Олар 23 шілдеде ұсталған, ал бұл туралы ресми ақпарат 30 шілдеде жарияланды.
Тінту кезінде күдіктілердің тұрған жерінен заңсыз әрекеттерде пайдаланылған компьютерлер, ноутбуктер мен ұялы телефондар тәркіленді. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, процессуалдық шаралардан кейін елден шығарылады.
Оңтүстік Корея басылымдарының мәліметінше, күдіктілер Қазақстан аумағында колл-орталық ұйымдастырып, Оңтүстік Корея азаматтарына қоңырау шалып, өздерін елдің Қаржылық қадағалау қызметінің (FSS) қызметкерлері ретінде таныстырған.
Алаяқтықтың нақты тәсілі жарияланбаған. Алайда олардың әрекетінен 16 адам зардап шеккені белгілі. Күдіктілер жәбірленушілерден жалпы 600 миллион воннан астам (шамамен 435–450 мың АҚШ доллары) ақша жымқырған.
Yonhap News агенттігінің хабарлауынша, күдіктілерді Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға депортациялау және экстрадициялау 27 шілде мен 5 тамыз аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Инчхон әуежайына жеткізілгеннен кейін олардың әрқайсысы қамауға алынып, айып тағу, тергеу және сот рәсімдерінен өтеді.
Сонымен қатар SBS News телеарнасының мәліметінше, Қазақстанда ұсталған топ халықаралық қылмыстық желінің бір бөлігі болған. Бірлескен операция барысында осы синдикатқа қатысы бар тағы 5 адам Оңтүстік Кореяда ұсталған, ал 19 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін