Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-әкім жазадан құтылып кету үшін алаяққа 4 миллион теңге ұстатып жіберген

ақша бағдарлама
Фото: Stan.kz

Ақтөбе облысында бұған дейін 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Шалқар қаласының бұрынғы әкімі алаяққа алданып қалған. Ол сот үкімімен келіспей, өзін ақтап шығаратын адамдарды іздеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс материалдарына сәйкес, экс-әкімнің туысы оған құқықтық көмек көрсете алады деп С есімді әйелді ұсынған. Бұрынғы шенеунік әкесімен бірге әйелдің үйіне барып, кездескен. Әйел оның ақтау үкімін шығартуға көмектесе алатынын айтып, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған.

Клиент бастапқыда сұралған соманың жартысын, яғни 4 миллион теңгені берген. Бір аптадан кейін әйел мәселе шешіліп жатқанын, ақтау үкімі шығатынын айтып, қалған ақшаны төлеуді талап еткен.

Алайда іс оң шешілмеген, бұрынғы әкім ақталмаған. Сонымен қатар ол әйелмен ешқандай келісімшарт жасамаған және ақшаны ешбір түбіртексіз берген. Ал күдікті сотта алған 4 миллион теңгені қарыз ретінде алғанын мәлімдеген.

Қылмыстық іс барысында әйелге қатысты пәтерге байланысты бірнеше алаяқтық эпизоды да анықталған. Тергеу мәліметінше, ол сыбайласымен бірге азаматтарға мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша кейін сатып алу құқығымен кезекке тұрғызуға уәде берген.

Жәбірленушілердің бірі елордадағы тұрғын үй кешендерінен бір екі бөлмелі және үш үш бөлмелі пәтер алып береміз деген уәдеге сеніп, алаяқтарға 47 миллион теңге берген.

Сот 54 жастағы С-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Ол сот залында қамауға алынды. Оның сыбайласы да 6 жылға сотталды. Алайда кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жаза өтеуі үш жылға кейінге шегерілді.

Сот екі сотталушыны да жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.

Назархан Уән
Жексенбі, 02 Тамыз, 2026 11:24