"Топас" сөзі әдепсіздікке жатпайды: Атырауда сотталушы апелляциялық сотта толық ақталып шықты
Атырауда көпшілік ортасында орынбасарына "топас", "сауатсыз" деп ұрысқаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған денсаулық сақтау ұйымының директоры апелляциялық сатыда ақталып шықты. Бұған дейін қалалық сот басшыны қызметтік жиын кезінде орынбасарын көптің алдында қорлады деп танып, айыппұл салған еді. Алайда апелляциялық сот іс материалдарын қайта қарап, директордың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген шешімге келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға жыл басында денсаулық сақтау ұйымдарының бірінде өткен жұмыс кеңесінен болған. Жиында мекеме директоры алда қызметкерлер саны қысқартылатынын хабарлайды. Қысқартылуы мүмкін мамандар қатарында директордың орынбасары да бар еді. Кеңеске облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген комиссия мүшелері де қатысып отырған.
Директордың орынбасары басшысы сол жиында өзін "топас" және "сауатсыз" деп атағанын айтады. Оның сөзінше, директор "топас" деген кезде үстелді жұдырығымен ұрып жіберіпті. Осыдан кейін қызметкер сотқа жеке айыптау тәртібімен шағым түсіріп, директордан 5 миллион теңге моральдық зиян және шамамен 1 миллион теңге материалдық шығын өндіруді талап етеді. Сонымен бірге оны қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған.
Ал директор өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол орынбасарын қорламағанын, ал "сауатсыз" деген бағаны қызметтік тексеру қорытындысына байланысты айтқанын мәлімдеген. Кейін өзі де орынбасарына қатысты қарсы талап қойып, 5 миллион теңге өтемақы сұрайды.
Іс бірнеше ай қаралып, маусымда Атырау қаласының №2 соты директорды Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша, яғни көпшілік алдында қорлау жасаған деп таныды. Оған 20 АЕК – 86 500 теңге айыппұл салынады. Сот жазаны директордың бұрын сотталмағанын және кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп белгілеген.
Сонымен қатар сот директордың орынбасарының азаматтық талабын ішінара қанағаттандырады. Басшыдан 100 мың теңге моральдық зиян, өкіл қызметіне жұмсалған 500 мың теңге және сараптамаға кеткен 400 мың теңгені өндіріп беру туралы шешім шығарады. Ал директордың қарсы талабы қанағаттандырылмай қалады.
Бірінші сатыдағы сот қорытынды жасағанда қызметтік тексеру анықтамасына және екі лингвистикалық зерттеуге сүйеніпті. Бұл құжаттарда даулы сөз адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендететін, әдепсіз сипаттағы сөз ретінде бағаланған. Директор бұл үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінеді. Оның адвокаты Татьяна Мохначеваның айтуынша, қорғаушы тарап куәгерлердің жауабындағы сәйкессіздікке назар аударған.
"Тексеру комиссиясының үш мүшесінің біреуі ғана бұл сөзді естігенін айтты. Іс материалдарында әңгіменің аудио немесе видеожазбасы болған жоқ. Яғни айыптауды растайтын заттай дәлел ұсынылмаған", – деді адвокат.
Қорғаушы тарап лингвистикалық зерттеулерге де күмән келтірген. Адвокаттың сөзінше, бірінші сатыдағы сот сүйенген филолог маман басқа бір іс бойынша дәл осы "топас" сөзіне өзге қорытынды берген. Ол жолы маман бұл сөзді әдепсіз лексикаға жатқызбаған.
Судья Зауре Қазақбай төрағалық еткен апелляциялық алқа қорғаушы тараптың уәждерін қабылдады. Алқа Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша жауапқа тарту үшін адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту әдепсіз түрде айтылуы қажет екенін атап өтті.
"“Топас” сөзі жәбірленушіге қаншалықты ауыр тигенімен, орыс тілінің әдеби лексикасына жатады, сөздіктерде бар және ауызекі тілде қолданылады. Сондықтан оның жағымсыз баға білдіруі өздігінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болып есептелмейді", – деп түсіндірді адвокат апелляциялық алқаның ұстанымын.
Сот бұл істе директордың "топас" деген сөзді нақты айтқанын дәлелдейтін жеткілікті айғақ жоқ деп тапты. Өйткені аудио не видео жазба болмаған, ал куәгерлердің сөзі бір-біріне сәйкес келмеген.
Сондықтан күмәнді тұстар директордың пайдасына шешілді. Апелляциялық сот маусымда шыққан үкімнің күшін жойып, оны ақтады.
Бұдан бөлек, директорға заңсыз қылмыстық қудалаудан келген зиянды өтеуді талап ету құқығы берілді. Жәбірленушілерге өтемақы қорына төленуі тиіс 21 625 теңге де алынып тасталды. Ал орынбасарының моральдық зиян мен сот шығынын өндіріп беру туралы талабы сол бетінше қаралмай қалды.
Қазақстандық модель "Америкалық қорқынышты оқиғалар" сериалының постеріне қалай түскенін айтты
