Мас күйде көлік жүргізген әйел жазадан құтылу үшін жүктілік туралы жалған анықтама ұсынған
Ақтауда мас күйінде көлік жүргізген әйел әкімшілік қамақтан жалтару үшін сотқа жалған жүктілік туралы анықтама ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, полиция қызметкерлері алдымен әйелді мас күйде көлік басқарғанын анықтаған. Кейін әкімшілік хаттама толтырған. Мұндай құқық бұзушылыққа 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырған. Дегенмен әйел бұл жазадан құтылғысы келген.
“Істі қарау барысында құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған. Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ғана тағайындаған. Ақтау қаласының прокуратурасы тексеру барысында құқық бұзушымен ұсынылған жүктілік туралы анықтаманың жалған екендігін анықтаған”, – делінген хабарламада.
Бұдан соң, Маңғыстау облыстық сотымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгертіліп, әйелге 15 тәулікке қамаққа алу жазасы тағайындалды. Одан бөлек медициналық құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты қылмыстық кодекстің 385-бабы (жалған құжаттарды, қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ оларды пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Оңай" ресейлік төлем жүйесімен байланысы бар деген күдікке ілінді: Пайдаланушылар дербес деректерінің қауіпсіздігіне алаңдады
