Тоқаев Орталық Азия көшбасшыларымен бірге UIM F1H2O әлем чемпионатының кезеңін ашты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Ыстықкөл жағасында өткен су-моторлы спорттан UIM F1H2O әлем чемпионатының гран-при кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты. Чемпионат Қырғызстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларымен бірге су-моторлы спорттан UIM F1H2O әлем чемпионатының "Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при" кезеңінің салтанатты ашылуына қатысты.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерімен бірге жарысқа қатысушылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ президенттерге судағы жарыстарға арналған болид таныстырылды.
Одан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, әлем чемпионатының кезеңін ресми түрде ашты.
Жарысқа Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия, Канада және өзге де елдердің намысын қорғайтын 8 команда мен 18 спортшы қатысып жатыр.
Бұл дода Қырғызстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Ел билігінің мәліметінше, ол республика тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық-мәдени іс-шаралардың бірі саналады.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының бейресми кездесуіне қатысу үшін барған еді.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін