Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел – Тоқаев

Мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Атаға барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде дәстүрге сай айрықша ықыласпен қарсы алғаны және бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа шынайы ризашылығын білдірді.
“Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі. Бұл құрметті Президент Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың табанды еңбегі мен көреген басшылығының арқасы екені сөзсіз”, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесу қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, сан қырлы серіктестіктің алдағы басымдықтарын айқындауға мол мүмкіндік беретініне тоқталды.
“Барлық деңгейдегі байланыстың жандануы бауырлас халықтарымыздың игілігі мен тұтас аймақтың өркендеуі жолында мемлекеттеріміздің жасампаз ықпалдастыққа ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл орайда “ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа” қол қою рәсімдерінің аяқталуы айтулы жетістік болды. Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың "саяси арқауын" қалыптастырады”, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістерде Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастады деп санайды.
“Бұған Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы (2027-2028 жылдарға) жарқын мысал бола алады. Орайлы сәтті пайдалана отырып Қырғыз Президенті құрметті Садыр Нұрғожаұлы Жапаровты және барша қырғыз халқын осы тарихи жетістікпен құттықтаймын”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ықпалдастықтың барлық негізгі мәселесі былтыр Ташкентте өткен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті.
“Сол кезде айтылған бастамалар, соның ішінде Консультативтік кездесулерді институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесі әлі де өзекті және оны іске асыру мақсатында бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан қол жеткізген келісімдерге ынталы, елдеріміз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған жасампаз бастамаларды одан әрі ілгерілетуді көздейді. Бірлескен күш-жігер арқылы ортақ прогресс жолында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында түрікмен дос-бауырларымызға Консультативтік кездесулер форматындағы алдағы іс-шараларды өткізуде табыс тілеймін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада нөсер жаңбырдан кейін әйелдің 35 миллион теңгелік көлігі жарамсыз болып қалды
Оқыңыз