Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жігіт Грекияда 125 жылға сотталды

Грекияда сотталған
Фото: "Ақтөбе Таймс" басылымы

Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова Сыртқы істер министрлігінен екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отырған ұлының ісіне араласуды сұрайды. Әйелдің айтуынша, 24 жастағы Рашид Қадыров Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, нәтижесінде аса ауыр жазаға кесілген. Анасы ұлы халықаралық қылмыстық схеманың құрбаны болғанына сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақтөбе Таймс” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрхан Қадырова басылым редакциясына жүгініп, ұлы Рашид Талғатұлы Қадыровтың (2002 жылы туған) қазір Грекия түрмесінде отырғанын айтты. Оның сөзінше, жас жігіт әлеуметтік желілер арқылы адамдарды заңсыз жұмысқа тартатын халықаралық топтың құрбаны болған.

“Мен алты баланың анасымын, "Күміс алқа" иегерімін. Рашид – ортаншы ұлым. Бір күні заттарын жинап, ешкімге ештеңе айтпай кетіп қалды. Кейін оның Түркияға жұмысқа ұшып кеткенін естідім. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Әдетте балалар жолға шығарда міндетті түрде батамызды алады. Ал бұл жолы ол із-түзсіз жоғалып кетті. Ұзақ уақыт бойы ешқандай хабар болмады”, – дейді ол.

Кейін Рашид бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, анасына Грекия түрмесінде отырғанын айтқан. Жігіттің сөзінше, ол Instagram желісінен жұмыс туралы хабарландыру көрген. Ұйымдастырушылар оған жолақысын төлеп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс ұсынған. Алайда кейін бұл заңсыз мигранттарды тасымалдау жолы екені анықталыпты. 

Нұрхан Қадырованың айтуынша, тергеу кезінде ұлы өте қиын жағдайда қалған.

“Ол шет тілін білмейді. Жанында аудармашы болмаған. Өзінің айтуынша, құжаттарға қол қоймаса, жаза мерзімі одан да ұзаруы мүмкін екенін айтқан. Қазір оған 125 жыл бас бостандығынан айыру жазасы және шамамен 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл тағайындалған. Ол әлі жас еді, тек ақша тапқысы келген”, – дейді анасы.

Әйел ұлының заңсыз мигранттарды тасымалдауды ұйымдастырмағанын алға тартады.

“Қайықтар мүлде басқа адамдарға тиесілі болған. Оның барлық әрекетін үйлестіріп отырған координаторы болған. Рашид ештеңені ұйымдастырмаған және бақыламаған. Мен оны жәбірленуші деп есептеймін”, – дейді ол.

Нұрхан Қадырова Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінен бірнеше рет көмек сұрағанын айтады.

“Елшілікке хабарластық. Кем дегенде орыс тілінде сөйлейтін адвокат тауып беруді өтіндік. Бірақ көмектесе алмайтындарын айтты. Қазір ұлым екінші сот отырысын күтіп отыр. Сирек хабарласамыз. Мүмкіндік болған кезде ғана жасырын түрде қоңырау шалады. Біз оған үнемі ең қажетті заттарға – азық-түлік пен жеке гигиена құралдарын алуға ақша жіберіп тұрамыз. Өзі тістерім үгітіліп жатыр дейді”, – дейді әйел.

“Ақтөбе Таймс” редакциясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, ведомствоға Рашид Қадыровтың ісі белгілі ме, консулдық қызметкерлері оған барған ба, Грекияда осындай айыптармен сотталған немесе тергеліп жатқан басқа қазақстандықтар туралы мәлімет бар ма, сондай-ақ халықаралық келісімдер аясында сотталған азаматты Қазақстанға беру мүмкіндігі қарастырыла ма деген сұрақтарға жауап сұрады.

Назархан Уән
Жексенбі, 02 Тамыз, 2026 10:30