Мөлдір Әуелбекова түскен видеодан кейін жүргізуші мен жолаушыларға айыппұл салынды

Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші мен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеодағы алдыңғы орындықта отырған жолаушыны желі қолданушылары әнші Мөлдір Әуелбекова деп таныған еді. Кейін бұл видеоға байланысты полиция жүргізуші мен жолаушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және рөлде отырып ұялы телефон пайдаланғаны түсірілген бейне анықталған.
Тексеру кезінде көлікті басқарған 38 жастағы жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон қолданғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, көліктегі жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды.
"Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізуші мен жолаушының міндеті. Қауіпсіздік белдігін тағу ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану жүргізушінің назарын жолдан аударып, жол-көлік оқиғасының туындау қаупін арттырады. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз", – деп мәлімдеді Қызылорда облысы полиция департаменті.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланбауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін әнші Ринат Шамшырақ әлеуметтік желіде жариялаған видеодан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция оны жаңа туған сәбиді арнайы автокреслосыз тасымалдағаны, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жауапқа тартқан еді.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз