Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Паттайадағы қатыгездікпен өлтірілген бауырлардың қазасы үшін Таиланд премьері кешірім сұрады

Таиландта мерт болған бауырлар
Фото: The Pattaya News

Таиланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракун Паттайада 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Роман Назимовтардың қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты марқұмдардың туыстарынан, туристерден және Ресей халқынан көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Pattaya News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет басшысы тергеу барысын бақылау үшін Чонбури провинциясына арнайы барып, бұл оқиғаға мемлекет атынан өкініш білдірді.

"Марқұмдардың отбасына, туристерге және Ресей халқына шынайы көңіл айтамын әрі кешірім сұраймын. Бұл жекелеген адамдар жасаған қатыгез қылмыс. Оны Таиландтың қауіпті ел екенін көрсететін жағдай ретінде қабылдауға болмайды", – деді Анутхин Чанвиракун.

Премьердің айтуынша, бұл қайғылы оқиға елдің беделіне нұқсан келтірген.

"Еліміздің екі азаматы адам шошырлық қылмыс жасады. Осындай қатыгездікке қалай барғанын өз көзіммен көргім келді. Елдің абыройына нұқсан келтіргендерге ешқандай жеңілдік болмауы керек. Олар заң аясында ең қатаң жазаға тартылуы тиіс", – деді Таиланд премьер-министрі.

Еске салайық, бұған дейін 25 шілдеден 26 шілдеге қараған түні Таиландтың Паттайя қаласында Ресей азаматтары – 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Роман үйден шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Олар үй киімімен, ешқандай жеке заттарын алмай кеткен. Кейін олардың мінген мопеді бөлшектелген күйде жерге көмілгені анықталып, полиция күдікті адамның үйін қоршауға алып, іздестіру жұмыстарын күшейткен болатын.

Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 16:10