Дунай тартылып, Венгрия электр қуатының жартысына жуығын өндірген АЭС-ті тоқтатпақ

Еуропаның басым бөлігін ұзақ уақыт бойы жайлаған аптап ыстық пен қуаңшылық Дунай өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Салдарынан Венгрия, Сербия және Румыниядағы ірі электр станцияларының жұмысына қауіп төнді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Венгрия билігі реакторларды салқындатуға қажетті су жетіспегендіктен, елдегі электр қуатының жартысына жуығын өндіріп келген "Пакш" атом электр станциясын толық тоқтату туралы шешім қабылдады.
Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр жексенбі күні станцияның 44 жылдық тарихында алғаш рет барлық реактор дүйсенбіден бастап жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Қазір атом электр станциясы жалпы қуатының небәрі 10%-мен ғана жұмыс істеп тұр.
Премьер-министрдің айтуынша, станцияның тоқтауы Венгрияның электр желілеріне түсетін салмақты күрт арттырады. Осыған байланысты елде электр қуатын тұтынуға уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
Көршілес Румынияда да жағдай күрделі. Ел әскері "Чернаводэ" атом электр станциясына канал арқылы қосымша су жеткізу үшін арнайы басқарылатын жарылыстар жасаған. Бұл станция Румыниядағы электр энергиясының шамамен 20%-ын өндіреді.
Станциядағы екі реактордың бірі бұған дейін тоқтатылған. Ал су жеткізілмеген жағдайда екінші реактордың да жұмысын тоқтатуға тура келер еді.
Венгрия мен Румыния Украинамен шектеседі. Ресей украиналық электр станцияларына жүйелі түрде соққы жасай бастағаннан кейін бұл екі мемлекет Украинаға едәуір көлемде электр қуатын экспорттап келген.
Украина бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қаңтар және ақпан айларында елге импортталған электр энергиясының 45–50%-ы Венгрияның үлесіне тиген. Қазір Украинаның өзі де қуаңшылықтың зардабын тартып отыр.
Сербияда да өзендердегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты электр энергиясын өндіру айтарлықтай қысқарған. Елдің энергетика министрі Дубравка Джедович-Ханданович қуаңшылық салдарынан Сербиядағы ең ірі екі су электр станциясы қалыпты қуатының небәрі 20–30%-мен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген еді.
Бұған дейін аталған станциялар Сербияда өндірілетін электр энергиясының 18%-ын қамтамасыз еткен.
Жалпы қуаты екі гигаватт болатын төрт ресейлік реакторы бар "Пакш" атом электр станциясы бірнеше апта бойы жұмыс істемеуі мүмкін.
Петер Мадьяр әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде алдағы бірнеше күннің ел үшін аса маңызды болатынын айтты.
"Алдымызда бес қиын күн тұр. Ертең “Пакш” электр энергиясын өндірмейді. Оның үстіне, ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілетін ең ыстық күндер әлі алда", – деді Венгрия премьер-министрі.
Венгрия үкіметі электр қуатын көп тұтынатын бірқатар ірі өндіріс орнына шектеу енгізіп үлгерді. Олардың арасында MOL мұнай компаниясы, Audi автокөлік құрастыру зауыты және Samsung аккумулятор зауыты бар.
Премьер-министр бұл кәсіпорындарды электр энергиясын тұтынуды өз еркімен одан әрі азайтуға шақырды.
Сонымен қатар электр желісіне салмақ көп түсетін уақытта, яғни Гринвич уақыты бойынша сағат 15:00-ден 20:00-ге дейін жүк пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылады.
Мемлекеттік қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеу тапсырылмақ. Үкімет жеке компанияларды да осы тәртіпке көшуге үндеді.
Қалалардағы ғимараттар мен көрікті орындардың сәндік жарықтары сөндіріледі. Сондай-ақ қажеттілігі аз деп танылған көшелердегі жарықтандыру уақытша өшіріледі.
Петер Мадьяр электр қуатын шектеу ең алдымен ірі өндіріс орындары мен басқа да ірі тұтынушыларға қатысты қолданылатынын атап өтті.
"Шектеу кезегі қарапайым тұрғындарға ең соңында ғана жетеді", – деп уәде берді Венгрия премьер-министрі.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін