ОПЕК+ елдері қыркүйектен бастап мұнай өндіру квотасын арттырады — БАҚ

ОПЕК+ елдері қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру квотасын тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыруды мақұлдамақ. Осыдан кейін ұйым жыл соңына дейін өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды уақытша тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл келісімге қатысушы жеті негізгі ел — Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оманға қатысты. Биыл бұл мемлекеттер мұнай өндіру квотасын ай сайын ресми түрде арттырып келді. Алайда Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстар салдарынан экспорт тізбектері бұзылып, мұнай жеткізу көлемі күткендей өскен жоқ.
2023 жылы ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,65 миллион баррельге өз еркімен қысқартуға келіскен еді. Қыркүйектегі квотаның ұлғаюы сол шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау процесінің аяқталғанын білдіреді. Ол кезде келісімге Біріккен Араб әмірліктері де қатысқан еді. Алайда бұл ел мамыр айында ОПЕК-тен шықты.
Осыдан кейін ОПЕК+ өндіріс көлемін арттыруға үзіліс жасауы мүмкін. Өйткені алда келісімнің жаңа шарттарына қатысты күрделі келіссөздер күтіп тұр. Сонымен қатар альянс қатысушы елдердің өндірістік қуатын қайта бағалап жатыр. Бұл көрсеткіштер 2027 жылға арналған базалық мұнай өндіру деңгейін белгілеуге негіз болады.
Қазіргі шектеулерді біртіндеп жеңілдету кезеңі аяқталғаннан кейін де, 2022 жылдан бері қолданыстағы тәулігіне шамамен 2 миллион баррель көлеміндегі қысқарту күшінде қалады. Оның әрі қарай сақталуы немесе өзгеруі елдер арасындағы квоталарды қайта бөлу жөніндегі келісімдерге байланысты болмақ.
Сонымен қатар Ирак бастаған бірқатар мемлекет өндірістік қуаты артқанын алға тартып, өздеріне белгіленген жеке квоталарды көбейтуді талап етіп отыр.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін