Қазақстандық логистикалық компания Моңғолия нарығына шықты

Қазақстандық Jana Post логистикалық компаниясы Моңғолия нарығына ресми түрде шығып, халықаралық қызмет аясын кеңейтті. Осылайша Моңғолия компанияның шетелдегі бесінші нарығына айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді моңғолиялық тұтынушылар Қытайдың Taobao, Pinduoduo, 1688, Temu және JD.com секілді ірі маркетплейстерінен тауарға тапсырыс беріп, оны Jana Post арқылы жеткізе алады. Қазір компанияның экожүйесіне 373 тапсырыс беру және алу пункті біріктірілген. Тауарларды жеткізу мерзімі орта есеппен 5–8 күнді адады.
Компания бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан нарықтарында жұмыс істеп келген. Моңғолияға шығу – Jana Post-тың халықаралық бағыттағы дамуының кезекті кезеңі.
ОқыңызКомпания өкілдерінің айтуынша, бұл қадам Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды логистикалық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі.
"Моңғолияның электронды сауда нарығының әлеуеті жоғары. Ел экономикасы импортқа айтарлықтай тәуелді. Биыл алғашқы төрт айда Моңғолияның импорт көлемі шамамен 3,7 миллиард АҚШ долларына жетсе, оның 37,5%-ы Қытайдың үлесіне тиесілі болды. Біз жергілікті тұрғындарға заманауи әрі қолжетімді логистикалық қызмет ұсынуға дайынбыз", – деді компания өкілдері.
Jana Post жаңа бағыт арқылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы трансшекаралық логистикалық дәлізді кеңейтуді көздеп отыр.