"Мен кешірім бермедім": Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі жәбірленуші ретінде танылды

19 маусымда Әл-Фараби даңғылында болған өлімге әкелетін жол-көлік оқиғасы бойынша сот отырысы жалғасты. Сот марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шатеновты жәбірленуші ретінде таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Мейірман Шекеев кешірім бермейтінін мәлімдеген Нұрлан Шатеновтың өтінішін айтты. Адвокат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71-бабын келтіріп, марқұмның құқықтарын олардың жақын туыстары жүзеге асыра алатынын айтты. Яғни тек анасы емес, бірнеше адам жәбірленуші ретінде таныла алады деді.
Шатенов Томиристің әкесі екенін және сот процесіне қатысқысы келетінін мәлімдеді.
Пактың қорғаушылары өтінішке қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, Шатенов 2018 жылдан бері әйелімен ажырасқан және алимент төлемей келген деп мәлімдеді.
Алайда марқұмның әкесі ажырасқаннан кейін де қызымен байланысып, оның тәрбиесіне қатысқанын айтты.
"Мен оны жақсы көрдім және жақсы көремін. Оны тәрбиеледім, бақтым, оқыттым", – деді әкесі.
Ол қызының қайтыс болғанын 21 наурыз таңертең білгенін айтты. Оның айтуынша, полиция оған Талдықорғанға бара жатқанда қоңырау шалған, содан кейін олАлматыға оралған.
Сондай-ақ Шатенов Пактың отбасынан өтемақы алмағанын және сотталушыны кешірмегенін айтты.
Ер адам жүргізушінің әкесімен Таразда көріскен.
"Ол жылап, тізерлеп кешірім сұрағысы келді. Мен оны көтердім. "Ағай, өзіңізді олай қорламаңыз, бұл сіздің кінәңіз емес. Сіздің ұлыңыз кінәлі. Сіздің жалғыз кінәңіз – оны дұрыс тәрбиелемегеніңіз" дедім. Артық ештеңе айтпадым", – деді марқұмның әкесі.
Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырып, Нұрлан Шатеновты жәбірленуші ретінде таныды. Оның өкілдеріне қылмыстық іске қатысуға рұқсат берілді.
Еске салсақ, Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушыға кешірім бермегенін айтты.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.