Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вьетнам шетелдіктер үшін алдын ала тіркелу жүйесін іске қосты

Вьетнам
Фото: tvbrics.com

Вьетнам билігі шетел азаматтарының елге кіру рәсімін жеңілдету мақсатында келу туралы алдын ала ақпарат беру жүйесін (PAI) пилоттық режимде іске қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сыртқы істер министрлігі Вьетнам Социалистік Республикасы шетел азаматтарына арналған келу туралы алдын ала ақпарат беру жүйесін (Pre-arrival Information, PAI) пилоттық режимде іске қосқанын хабарлайды.

Вьетнам тарапының мәліметінше, жаңа жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапарға шықпас бұрын келуі туралы ақпаратты онлайн түрде жолдауға мүмкіндік береді. Ұсынылған деректер негізінде иммиграциялық органдар қажетті тексерулерді алдын ала жүргізіп, шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға және халықаралық әуежайлардағы кезектерді азайтуға ықпал етеді.

Қазір жүйе пилоттық режимде Таншоннят халықаралық әуежайында жұмыс істейді. Алдағы уақытта оны Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы өзге де өткізу бекеттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап болып табылмайды және виза рәсімдеу немесе виза өтінімдерін қарау қызметін атқармайды. Ол тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған.

Вьетнам билігі шетел азаматтарына тек ресми prearrival.immigration.gov.vn порталы арқылы қызметті пайдалануға және алаяқтық интернет-ресурстардан сақ болуға кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың АҚШ визасына берген өтінімдерінің шамамен 45–46 пайызы кері қайтарылатынын мәлімдеген еді. Ведомство мұны құжаттардың талаптарға сәйкес келмеуімен және өтініш беру кезінде жіберілетін қателіктермен байланыстырды. Сондай-ақ министрлік Ресей азаматтарының Қазақстан арқылы АҚШ визасын алу мүмкіндігі жоғары деген ақпаратты растамады.

Айым Атамбаева
Жұма, 19 Маусым, 2026 12:20