Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық түлектер мерекелік кештен бас тартып, онкологиямен ауыратын балаларға көмек берді

Астаналық түлектер
Фото: Видеодан скрин

Астанадағы №111 мектептің 11-сынып түлектері аттестат алғаннан кейін дәстүрлі мерекелік кештен бас тартып, онкология бөлімінде ем алып жатқан балаларға қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

19 маусымжа Астанадағы №111 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлектері аттестаттарын алып, ерекше бастама көтерді. Дәстүрлі түрде мейрамханада мерекелеудің орнына олар қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, онкология бөлімінде ем алып жатқан балаларға қолдау көрсетті.

"Болашақ бізді бірге күтеді!" атты әлеуметтік-қайырымдылық акциясы аясында түлектер ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өмірге деген сенімін арттыруды мақсат етті.

Астаналық мектеп түлектері
Фото: Видеодан скрин

Шара барысында оқушылар балаларға арналған сыйлықтар мен ойыншықтар жинап, жүрекжарды тілектерін жолдады. Кейін түлектер мен ата-аналардан құралған автокеруен медициналық мекеме аумағына барып, арнайы флешмоб ұйымдастырды.

Қатысушылар қолдарына “Сен Қаһармансың, “Бүгін мен мектепті аяқтасам, ертең сен де аяқтайсың” сияқты жалынды қолдау сөздерін құрап, ем қабылдап жатқан балаларға жігер берді.

Акцияның қорытынды кезеңінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, балаларға арнайы дайындалған сыйлық қораптары табысталды.

Түлектердің айтуынша, мектеп бітіру кешін тек көңіл көтерумен шектемей, қоғамға пайдалы іс атқару олардың саналы таңдауы болған. Осылайша олар мектеппен қоштасар сәтті мейірім мен жанашырлыққа толы игі іске арнады.

Айта кетейік, мұндай қайырымдылық шаралары бұған дейін де ұйымдастырылған. Астанадағы №5 мектеп-гимназиясында да қиын жағдайда жүрген балаларға қолдау көрсету мақсатында арнайы акция өткізіліп, оларға сыйлықтар табысталған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы соңғы қоңырау кезінде автокортеж ұйымдастыруға тыйым салынғанын ескерткен еді. Соған қарамастан, қала мектептерінің бірінің түлектері жол қозғалысы ережелерін бұзып, кортеж ұйымдастырған. Осылайша, 21 кәмелетке толмаған түлектің ата-анасы жауапқа тартылып, бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Айым Атамбаева
Жұма, 19 Маусым, 2026 11:04