Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лимузин, кортеж және 1001 роза: Депутат мектеп бітіру кештеріндегі орынсыз сән-салтанатқа тыйым салуды талап етті

1001 роза
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда мектеп бітіру кештерінің тым салтанатты форматқа айналуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өңірлерде түлектердің кортеж ұйымдастыруы, қымбат сыйлықтар мен ауқымды мерекелер өткізуі әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған байланысты мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектеп бітіру кешін өткізуге қатысты қатаң ескеру білдіріп, оқу орындарын мұндай шаралардан бас тартуға шақырды.

Депутаттың айтуынша, мектептің негізгі міндеті білім беру, ал аттестат табыстаудан кейінгі салтанатты жиындар оқу орнының жауапкершілігіне кірмеуге тиіс.

“Аттестат берілген соң қол алып, алғыс айтып қоштасу керек. Қалғаны әр отбасының жеке таңдауы” деген пікірлері бұған дейін де қоғамда талқыланған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда мектеп түлектерінің премиум санаттағы автокортеж ұйымдастырып, қымбат лимузиндер жалдағаны, сондай-ақ салтанатты кештер өткізгені анық көрсетілген. Кей жағдайларда балабақша деңгейіндегі бітіру рәсімдерінде де осындай сән-салтанатпен жасалған.

Мәселен, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 11-сынып түлектерінің бірнеше люкс автокөліктерімен  кортеж жасаған видео тарады. Ал Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерге арналған кешке лимузин шақырғаны айтылды. Ал Шымкентте, бір түлекке 1001 раушан гүлінен құралған сыйлық берілген жағдай да қоғам назарынан тыс қалмады.

Тіпті Алматыда полиция жол қозғалысына қауіп төндірген түлектер кортежін тоқтатуға мәжбүр болған. Мұндай көріністер әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамда пікір екіге жарылды. Бір бөлігі мұны дәстүрлі қуаныш деп санаса, енді бір бөлігі орынсыз шығын мен әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ретінде бағалап жатыр.

Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін білім беру ұйымдарында бітіру кештерін мейрамханаларда, банкет залдарында және басқа да ойын-сауық орындарында өткізуге болмайтынын, сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатынын ескерткен еді. Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде тараған деректер кейбір мектептер бұл талаптарды елемей отырғанын көрсетеді.

Бұл жағдай білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының әлсіреуін және оқушылар арасында сән-салтанатқа ұмтылулары тым шектен шығуда  дейді мамандар.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы соңғы қоңырау кезінде автокортеж ұйымдастыруға тыйым салынғанын ескерткен еді. Соған қарамастан, қала мектептерінің бірінің түлектері жол қозғалысы ережелерін бұзып, кортеж ұйымдастырған. Осылайша, 21 кәмелетке толмаған түлектің ата-анасы жауапқа тартылып, бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Stan.kz
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 17:01