Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кей орталықтар асыра сілтеп жатыр": ҰБТ-дағы қымбат сыйлықтарға қатысты министрлер шүйлікті

репетиторлық орталықтардың сыйлығы
Фото: Видеодан скрин / Саясат Нұрбек және Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстанда репетиторлық орталықтардың ықпалы күшейіп, кейбірі ҰБТ-дан жоғары балл жинаған оқушыларға көлік пен қымбат сыйлық тарата бастаған тұста Оқу-ағарту министрлігі бұл саланы заңмен реттеуге кірісті. Енді мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына ақылы репетитор болуы заңмен тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырасынан кейінгі өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова репетиторлық орталықтардың жұмысына қатысты заң аясында өзгерістер енгізіліп жатқанын ескертті.

"Онда репетиторлық орталықтардың жұмысы, салық төлеуі, балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігі қарастырылады. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына қосымша ақылы сабақ өткізуіне тыйым саламыз. Яғни мұғалім өзінің сабақ беретін оқушысынан қосымша қаржы ала алмайды", – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қымбат сыйлық ұсынып жатқан орталықтарға да пікір білдірді. Айтуынша, бұл әзірге әр орталықтың жарнамалық тәсілі. Алайда алдағы уақытта заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін бұл мәселе де қайта қарастырылуы мүмкін.

Ғылым және жоғары біліми министрі Саясат Нұрбек те ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтарының жоғары балл жинаған талапкерлерге қымбат сыйлық беруіне қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, кейбір орталықтар бұл мәселеде "асыра сілтеп" жіберіп жатыр.

Саясат Нұрбектің сөзінше, ата-аналар балаларына сапалы білім беріп, жоғары нәтиже көрсетуі үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысады.

"Бізде азиялық менталитет бар. Ата-аналар балаларына оқуға түсу үшін ең жақсы мүмкіндік бергісі келеді. Қытайда репетиторлық қызмет заңмен тыйым салынған кезде үлкен көлеңкелі нарық пайда болды. Жасырын түрде оқушыларды емтиханға дайындайтын репетиторлар көбейіп, олардың қызмет ақысы тіпті қымбаттап кеткен", – деді министр үкіметтегі брифингте.

Саясат Нұрбектің пікірінше, кейбір дайындық орталықтары жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қымбат сыйлық ұсынып, қоғамда шамадан тыс дүрбелең қалыптастырып отыр.

"Бұл – маркетинг. Яғни “біздің орталыққа келсеңіз, балаңыз ең жоғары балл жинай алады” деген жарнама тәсілі. Бірақ кейбір орталықтар бұл жерде шектен шығып кетіп жатыр. Соның айналасында үлкен ажиотаж жасайды", – деді министр.

Сонымен қатар ол оқушылардың ҰБТ-дан репетиторсыз да жоғары нәтиже көрсете алатынын айтты. Министрдің мәліметінше, былтыр тестілеуде ең жоғары – 140 балл жинаған талапкерлердің басым бөлігі емтиханға өз бетінше дайындалған.

Еске салайық, Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинап, ерекше сыйлыққа ие болғаны хабарланған еді. Білім беру орталығы оған бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының бірін таңдауды ұсынған. Кейін артынша Түркістан қаласындағы жекеменшік мектептің екі түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары нәтиже көрсетті. 11 "Д" сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев ҰБТ-дан 140 балл жинаған. Екеуі де дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған. Сондай-ақ халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл алған. Жасур қаңтар айындағы ҰБТ-да 120 балл, наурызда 128 балл жинаса, мамырдағы негізгі тестілеуде нәтижесін 140 балға жеткізді. Ал Айсұлтан бұған дейін қаңтарда 125 балл, наурызда 128 балл алған. Дегенмен министр жоғары балл жинаған оқушылардың тестілеуден алған нәтижері 1-2 айда тексеріліп барып, нақты шешімін айтатынын мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 13:07