"Жұмыс істемейтін адамдарға жалақы есептелген": ҰҚК "Іле Су" басшысына қатысты тергеу басталғанын растады

Алматы облысының "Іле Су" кәсіпорнының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған дейін ол пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы облысы Іле ауданы әкімдігіне қарасты "Іле Су" ШЖҚ МКК басшысы Жандос Жұрыновтың ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері тарапынан ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Онда оның пара алды деген күдікке ілінгені айтылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жандос Жұрыновқа қатысты тергеу басталғанын растады.
“Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деді ведомство.
ОқыңызЕске салайық, 2024 жылы "Іле Су" кәсіпорнында жұмыс істемейтін адамдарға жалақы есептеліп отырғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Алматы облысы әкімдігі жүргізген аудит бұл деректерді растады. Тексеру нәтижесінде бюджет қаражаты жалған тұлғалардың есепшоттарына аударылып, бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталған.