АҚШ Ормуз бұғазындағы шектемені алып тастағанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығына сәйкес Ормуз бұғазындағы шектеме алынды. Мұны АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы мәлімдеді. Ал АҚШ вице-президенті Дэвид Джеймс Вэнстің айтуынша, бұғаз арқылы бір тәулікте 12,5 миллион баррель мұнай тасымалданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 18 маусым, бейсенбі күні кешке X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге қойылған шектеулер тоқтатылғанын хабарлады.
Мәлімдемеде АҚШ енді Иран порттарына бет алған немесе одан шыққан кемелердің қозғалысына кедергі келтірмейтіні айтылған.
“АҚШ қарулы күштерінің блокаданы қамтамасыз етуге бағытталған барлық әрекеті тоқтатылды. Дегенмен біздің қуатты әскери кемелеріміз келісімнің барлық тармағы толық сақталуын қамтамасыз ету үшін осы аймақта қала береді”, – делінген CENTCOM хабарламасында.
Бір тәулікте 12,5 миллион баррель мұнай өткен
АҚШ вице-президенті Дэвид Джеймс Вэнс 18 маусымдағы брифингте соңғы тәулікте Ормуз бұғазы арқылы жалпы көлемі 12,5 миллион баррель мұнай тиеген кемелер өткенін айтты. Бұл – 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.
Вэнстің сөзінше, Иран тарапы екінші түн қатарынан ешқандай кемеге шабуыл жасамаған.
ОқыңызСондай-ақ ол Вашингтон мен Тегеран арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қашықтан қол қойылғаннан кейін, 18 маусымға қараған түні 60 күндік келіссөз кезеңі басталғанын мәлімдеді. Осы уақыт ішінде тараптар бейбіт келісімнің соңғы нұсқасын пысықтауы тиіс.
Axios мәліметінше, меморандумға бастапқыда 19 шілдеде Швейцарияда жүзбе-жүз қол қою жоспарланған. Алайда Ормуз бұғазын ертерек ашу үшін тараптар рәсімді жеделдеткен. Басылымның жазуынша, АҚШ пен Иран делегацияларының кездесуі әлі де жоспар бойынша өтеді. Оған АҚШ тарапынан Вэнс, Иран тарапынан парламент спикері Мұхаммад Багер Галибаф жетекшілік етпек.
Меморандумда не жазылған?
АҚШ пен Иран қол қойған құжат 14 тармақтан тұрады. Онда барлық бағытта атысты дереу тоқтату, теңіз блокадасын алып тастау және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру қарастырылған.
Сонымен қатар құжатта Иранға салынған мұнай санкцияларын алып тастау, АҚШ әскерін Ислам республикасы маңындағы аймақтардан шығару мәселесі де қамтылған.
Келісімге сәйкес, Иранды қалпына келтіруге жеке инвестициялық қордан 300 миллиард доллар бөлу, 24 миллиард доллар көлеміндегі ирандық активтерді бұғаттан шығару және ядролық бағдарлама бойынша түпкілікті келісім әзірлеу үшін 60 күндік келіссөз кезеңін бастау көзделген.
Ал Иран өз кезегінде ядролық қару әзірлемеуге міндеттеме алған.