Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айына 320 мың теңге аламыз": Бибісара Асаубаеваның анасы қаржыға қатысты сынға жауап берді

Бибісара Асаубаева анасымен
Фото: instagram.com/liana_hakim_/

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хаким қызына мемлекет тарапынан ай сайын қанша қаражат төленетінін ашып айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Лиана Хаким Instagram парақшасында жаңа жазба жариялап, спортшыға бөлінетін қаржыға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғамда Бибісараға мемлекеттен миллиондап ақша жұмсалады деген қате түсінік бар.

“Неге кейбіреулер бізге мемлекеттен миллиондап ақша бөлінеді деп ойлайды? Мемлекеттен ай сайын 320 мың теңге аламыз. Ал әлем чемпионатындағы жеңісі үшін 2,3 мың доллар төленді. Маңғыстау спорт комитеті басқармасынан ешқандай жалақы алмаймыз. Sport Qory спортты қолдау қоры мен Федерациядан бөлінетін қаражат бюджет ақшасы емес. Ол тікелей команданың жұмысына төленеді”, – деп жазды Лиана Хаким.

Оның сөзінше, Федерация желісі бойынша берілетін барлық сыйақы мен жарыстардан түскен жүлде қаражаты – спортшының адал еңбегімен тапқан жеке табысы. Сондықтан оны қалай жұмсау – спортшының өз еркінде.

Лиана Хаким олардың да Қазақстанның өзге азаматтары сияқты салық төлейтінін атап өтті.

“Қорытындылай айтқанда, мемлекеттік қаржыландыруды, жеке және бюджеттен тыс қаражатты ажырата білу маңызды. Қорытынды жасап, көпшілік алдында пікір айтпас бұрын деректі тексерген жөн. Өзгенің еңбегін құрметтеу адамның өз сөзіне жауапкершілікпен қарауынан басталады”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрағаны хабарланған еді. Ол мемлекет басшысына видеоүндеу жолдап, қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтты.

“Жуырда ең беделді жарыстардың бірі – Norway Chess 2026 турнирі аяқталды. Мен жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым. Осы маңызды турнирге дайындықты өзімнің жүлде қорынан алған қаражат пен ата-анамның қаржысына өткіздім. Ал бұл турнирде менімен жұмыс істеген секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысын әлі күнге дейін төлей алмай келемін”, – дейді Бибісара.

Шахматшы ел абыройы үшін жасаған еңбегінің бағаланбай жатқанын айтып, шағымданды. Бибісара қаржы жетіспей жүргендіктен маңызды жарысқа секунданттарын апара алмағанын да жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 15:16