"Күніне кемі 20 минут": Тәжікстанда барлық кеңсе қызметкеріне жаттығу жасау заңмен міндеттелді

Тәжікстанда жұмыс берушілерге қызметкерлерге күн сайын кемінде 20 минут жаттығу жасату міндеттелді. Жаңа талапқа сәйкес, кеңсе қызметкерлерінен бастап басшыларға дейін дене жаттығуларын жасауы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аsiaplus.news порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тиісті өзгерістер Тәжікстанның Денсаулық сақтау кодексіне енгізілді. Заңды 10 маусымда ел парламентінің төменгі палатасы қабылдап, 17 маусымда президент қол қойған.
Әділет министрі Музаффар Ашуриённың айтуынша, бұл жаңашылдық 2026 жылғы 14 ақпандағы президент жарлығы негізінде әзірленген. Оның мақсаты – семіздік пен қант диабетінің алдын алып, халық денсаулығын нығайту. Министрдің сөзінше, талап меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарға қатысты.
"Жұмыс берушілер мен лауазымды тұлғаларға қызметкерлер үшін күніне кемінде 20 минут тұрақты дене жаттығуларын өткізуді қамтамасыз ету міндеті жүктелді", – деді ол.
ОқыңызСонымен қатар ұйым басшылары спортпен шұғылдануға жағдай жасап қана қоймай, өздері де дене белсенділігіне қатысуы тиіс. Бұған дейін таңғы жаттығулар мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің бірқатарында ерікті түрде өткізіліп келген. Кейін елде барлық мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері сенбі күндері таңғы жаттығуға қатысуға міндеттелді.
Оған барлық мемлекеттік қызметкер ешқандай ерекшеліксіз қатысуы керек болған. Осыған байланысты арнайы кесте жасалып, әр ведомствоның сенбілік жаттығуды қай жерде өткізетіні белгіленген. Таңғы жаттығулар сағат 07:00-де басталып, шамамен 30 минутқа созылады.