"800 грамм вискиге кім тапсырыс берген?": Әл-Фарабидегі апат ісінде бұрынғы шенді полицейдің жүргізушісі алкоголь ішпегенін айтып ақталды

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған өлімге әкелген жол апатына қатысты сот отырысында бұрынғы шенді полицейдің жүргізушісі куәлік білдірді. Ол оқиғаға дейінгі түнгі кездесу, кальянға тапсырыс беру, алкогольге қатысты даулы деректер және жол апаты алдындағы әрекеттері жөнінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі Әсет Жақсылықовтың айтуынша, ол Александр Пакпен былтыр жазда немесе күзде танысқан. Нақты уақытын есіне түсіре алмағанын жеткізді. Куәгердің сөзінше, ол кешке жұмыста болып, кейін үйіне барып ас ішкен. Одан соң кездесуге барған. Шамамен сағат 23:00-де ол жиналыс өткен орынға жетіп, кальянға тапсырыс берілген жерде болған. Түнгі 03:20–03:25 шамасында ол кетіп, көлікке отырып, үйіне қарай жолға шыққан.
"Достық – Қажымұқан көшелерінің қиылысында Zeekr көлігін көрдім. Өз бағытыммен келе жаттым. Кейін Әл-Фараби көшесіне оңға бұрылдым. Zeekr көзден ғайып болды. Әл-Фараби – Достық өткеліне жақындағанда, Әл-Фараби – Мендікұлов қиылысында шаң көтерілгенін байқадым. Оң жаққа шығып, жол-көлік оқиғасын көрдім", – деді ол.
Прокурор сотта куәгердің алкоголь ішпегені туралы айтқан жауабына күмән келтірді. Оның айтуынша, Жақсылықов тек кола ішкенін айтып, ол жерде басқа адамдар болмағанын жеткізген. Алайда 50 грамнан құйылып, жалпы 800 грамм вискиге кім тапсырыс бергені нақты анықталмай қалды.
Адвокат Мейірман Шекеев шамамен 451 мың теңгеге жасалған тапсырыстарды атап өтіп, олардың ішінде сыра, виски және текила болғанын айтты.
"Тапсырыстардың ішінде кола жоқ. Мұны қалай түсіндіресіз?" – деп сұрады адвокат.
Жақсылықов бұған жауап ретінде алкогольсіз сусын ішкенін, ол алма шырыны немесе кола болуы мүмкін екенін айтты.
Адвокат Шекеев қажет болса барлық тапсырыстарды тізіп бере алатынын айтып, онда бірнеше рет сыра, виски және текила көрсетілгенін жеткізді. Ол куәгерден нақты не ішкенін қайта нақтылауды сұрады. Жақсылықов болса алма шырынын ішкенін қайталады. Ал тапсырыс деректерінде кола да, алма шырыны да жоқ екені айтылғанда, куәгер үнсіз қалды.
Жауап алу барысында куәгер қайғылы түнде қызметтік Hyundai Palisade көлігін жеке мақсатта пайдаланғанын мойындады. Сондай-ақ ол жол қозғалысы ережесін бұзып, қос тұтас сызықты кесіп өткенін де растады.
Адвокаттың айтуынша, Жақсылықов сол кезде бұрынғы полиция департаменті басшысының орынбасары Ұзабаевтың жүргізушісі болған. Ол қызметтік көлікті белгіленген тұраққа қоюы тиіс болғанымен, олай жасамаған. Бұдан бөлек, адвокат оның көлік нөмірлерін жедел ауыстырғанын айтып, бұл әрекет өз ісінің заңсыз екенін түсінгенін көрсетеді деп мәлімдеді.
Бұған дейін сот отырысында жәбірленушілердің бірі – Томирис Шатеновтың әкесі сөз сөйледі. Ол қызының өмірі туралы айтып, оның "Болашақ" мектебінде оқығанын және оқу ақысын өзі төлеп келгенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұған дейін тағы бір баласынан айырылғанын айтты. Эмоциялық сөзінде қызының денесін мәйітханада көріп, қатты күйзеліске түскенін жеткізді. Ол әділдікке жету үшін күресетінін және бұл оқиғаны кешірмейтінін айтты. Сонымен қатар Александр Пактың әкесімен кездесуі туралы да баяндады.
Оқыңыз“Бұл оқиғаны көше жарысы: Адвокат қатаң жазаны талап етті”
Жәбірленуші Томирис Шатенованың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев сотта бұл оқиғаны көше жарысы (гонки) деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаза тапқан қыздың әкесі кінәлілерге ең қатаң жаза тағайындалуын талап етпек.
"Сіздер Томиристің әкесінің қазіргі жағдайын көрдіңіздер. Заң аясында біз тек бас бостандығынан айыруды талап ете аламыз. Заң одан қатаң жаза қарастырмайды. Сондай-ақ материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы талап арыз да береміз", – деді Шекеев.
Ол қыздың әкесі бұл іске байланысты кешірім беруден үзілді-кесілді бас тартқанын да атап өтті. Адвокат іс бойынша куәгер – Алматы полиция департаментінің жүргізушісі Әсет Жақсылықовқа да тоқталды. Оның айтуынша, Жақсылықовқа қатысты қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі (қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша) бойынша жеке қылмыстық іс қозғалған.
Шекеев куәгердің жауаптарында қайшылықтар бар екенін айтып, оның бірқатар сұрақтарға жауап беруден бас тартқанын жеткізді.
"Біз мұны жарыс деп санаймыз. Алғашқы жауаптарында ол Пакты басып озғанын айтқан. Ал жол кең болса, не үшін басып озу керек деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ ол Пактың оны көріп, жылдамдықты арттырғанын айтқан", – деді адвокат.
Сондай-ақ Шекеев Жақсылықовтың сол кезде Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ұзабаевтың жүргізушісі болғанын еске салды. Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін ол қызметтік көлікті арнайы тұраққа қоюы тиіс болғанымен, бұл талапты орындамаған. Бұдан бөлек, тараптың мәліметінше, ол көліктің мемлекеттік нөмірлерін жедел түрде ауыстырған.
"Ол мұны жай ғана істей алмайды. Бұл олардың өз әрекеттерінің заңсыз екенін түсінгенін көрсетеді", – деп қосты адвокат.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.