Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда туу көрсеткіші 20 жылдағы ең төмен деңгейге жақындады

Сәби
Фото: Magnific.com

Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеуін жалғастырып жатыр. 2026 жылғы бірінші тоқсанда елде 74,1 мың сәби дүниеге келді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,2% немесе 3,2 мың бала аз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазіргі көрсеткіш кейінгі 20 жылдағы ең төмен деңгейдің бірі болып отыр. Салыстыру үшін, 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 100,5 мың бала туған. Содан бері туғандар саны төрттен бір бөліктен көп қысқарған. Бұдан төмен көрсеткіш тек 2006 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген. Ол кезде 70,2 мың сәби дүниеге келген.

Туу көрсеткіші қалада да, ауылда да азайған. Қалаларда 45,6 мың бала, ауылдық жерлерде 28,5 мың сәби туған. Әсіресе ауылдағы төмендеу айқынырақ: қалада туғандар саны 2,3% қысқарса, ауылда 7,2 % азайған.

Өңірлер арасында ең көп бала:

  • Түркістан облысында дүниеге келді – 10,4 мың сәби;
  • Алматы – 7,2 мың;
  • Шымкент – 6,3 мың;
  • Алматы облысы мен Астана – 6,2 мың баладан.

Дегенмен бала көп туатын өңірлердің өзінде де төмендеу бар. Мысалы, Түркістан облысында туғандар саны 11,3 мыңнан 10,4 мыңға азайған. Бұл – өңірлер арасындағы ең үлкен қысқару.

Ең төмен абсолютті көрсеткіштер:

  •  Ұлытау облысында – 738 бала;
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 1,1 мың;
  • Шығыс Қазақстан облысында – 1,6 мың;
  •  Абай және Қостанай облыстарында – 1,8 мың баладан тіркелді.

Туу коэффициенті де төмендеп жатыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ел бойынша бұл көрсеткіш 1 мың адамға шаққанда 14,58 болды. Былтыр 15,39 еді. Ал 2021 жылы – 21,44, 2016 жылы – 22,47 болған. Яғни соңғы он жылда туу коэффициенті үштен бір бөліктен көп төмендеген.

Ең жоғары туу коэффициенті Түркістан облысында тіркелді – 1 мың адамға шаққанда 19,75. Маңғыстау облысы мен Шымкент те жоғары көрсеткіш көрсеткен.

Ал ең төмен коэффициент Солтүстік Қазақстан облысында болды – 8,39. Қостанайда – 8,85, Шығыс Қазақстанда – 8,87, Павлодарда – 10,36. Түркістан мен Солтүстік Қазақстан арасындағы айырмашылық 2,3 есе асады.

Сарапшылар мұны тек Қазақстанға тән мәселе емес, әлемдік демографиялық үрдістің бір бөлігі деп түсіндірді. Білім деңгейінің өсуі, урбанизация, әйелдердің жұмыспен қамтылуы, баспана мен бала тәрбиесіне кететін шығынның артуы отбасылардың аз бала жоспарлауына әсер етіп отыр.

Дегенмен Қазақстан халықаралық өлшеммен қарағанда әлі де салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш сақтап отыр. UNFPA деректеріне сүйенсек, 2025 жылы елімізде жиынтық туу коэффициенті бір әйелге шамамен 3 баладан келген. Әлемдік орташа көрсеткіш – 2,2 бала.

Сондықтан мамандар бұл жағдайды демографиялық дағдарыс емес, жаңа демографиялық кезеңге көшу деп бағалайды. Ендігі міндет – өңірлік саясатты осы өзгеріске бейімдеу: мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үй құрылысын халық санының болашақтағы өзгерісіне қарай жоспарлау, жастар көп кетіп жатқан өңірлерге қолдау көрсету.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 16:28