Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жеке үйден өрт шығып, сегіз баланың анасы тірідей жанып кетті (видео)

Өртенген үй
Фото: Видеодан скрин, Stan.kz

Шымкентте жеке үйден өрт шығып, сегіз баланың анасы тірідей жанып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы жағдай қала іргесіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында болған. Перзенттерінің көз алдында отқа оранған ананы аман алып қалу мүмкін болмады. Ауруханада ажал құшқан келіншек күйеуімен бірге үйде көрпе-төсек тігіп нәпақа тапқан екен.

Үй ауласындағы бейнекамераға жазылған бұл кадрларды бей-жай қарау мүмкін емес. Жалын ішінен жүгіріп шыққан келіншек денесінің 80%-ын күйік шалғанын да түсінбеген секілді. Ал далада қалған күйеуі оны құтқарамын деп жалаң аяқ от кешіп, әйеліне жүгіре бергенін айтады.

"Әйелімді құтқара алмадым. Әйелім ана жақта жүрген ғой. Біз мақтамен айналысамыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80% күйіп қалыпты әйелім", – дейді марқұмның күйеуі Айдос Боранбаев. 
Өртенген үй
Фото: Stan.kz

Сегіз баласы бар Боранбаевтар отбасы көрпе-төсек тігіп, нәпақа тауып отырған. Үйдің ауласынан цех ашып, жұмыс істеген екен. Куәгерлердің айтуынша, алдымен мақта өртеніп, санаулы сағаттар ішінде баспананың күллі көкке ұшқан.

"Естідік та шауып келдік. Келсек өртеніп түк қалмаған мына жерде. 6-7 тонна мақта түк жоқ. Балалары сыртта жүріп жанталасқан ғой. Бірақ аман. Құдайға шүкір. Үлкен баласының мына жерлері күйіп әбіржіп қалды", – дейді оқиға куәгері Ержан Ырысбаев. 

Үй ішінде 39 жастағы Марал Боранбаева қалып қойыпты. Оны құтқаруға күйеуі ғана емес тұңғыш баласы да ұмтылған. 17 жастағы жігіт ақыры анасын қызыл жалын ішін алып шығыпты. Алайда ауруханаға жеткен соң келіншектің демі үзілген.

Өртенген үй
Фото: Stan.kz
"Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" дерегі бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеп-тексеру нәтижесімен процессуалдық шешім қабылданатын болады", – делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарламасында. 

Бір сәтте жан-жары, баспанасы мен кәсібінен айырылған Айдос Боранбаев сегіз баласымен далада қалды. Екі аяғы күйіп, жүре алмай қалған ер адам жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 22:55