Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұятпен қорғалған қатыгездік": 10 жыл бұрын топтық зорлық құрбаны болған Жібек әділдікке қалай қол жеткізді

Жібек Мусинова
Фото: Время/Informburo.kz

10 жыл бұрын Алматы облысы Есік қаласындағы топтық зорлау ісі халық арасында талқыға түсті. Жібек Мусинованың жағдайы көптеген зорланған қыз-келіншектер тап болатын келеңсіздіктердің бетін ашты: жәбірленушінің өзін кінәлау, ұялту, қысым көрсету, арызын қабылдамау, т.б. Осындай қиындықтар мен қоғамдық айыптаулар қарамастан, қыз әділдік үшін күресіп, кінәлілерді жеңіп шықты. Stan.kz тілшісі оқиғаның хронологиясын жазып шықты.

2016 жылдың 14 тамыз түні Есік қаласында 33 жастағы Жібек туыстарымен караоке-кафеде отбасылық мерекені тойлап жатқан. Соңында ағасы Рустаммен қалыпты. Қарама-қарсы жерде 4 ер адам мен 2 қыз оларға тиісіп, балағаттаған. Жібек пен Рустам сыртқа шығып кеткенде, екі ер адам артынан келіп, танысуға ниет білдірген. Алайда Жібек таныспайтынын айтыпты. Артынша екі қыз тағы келіп, тиіскен. Соңында барлығы шабуыл жасаған. Ағасын ұрып-соғып, Жібекті көлікке күштеп отырғызып әкетті. Бұзақылар қызды бірнеше сағат бойы зорлаған. Қыз есінен танып қалғанын айтады. Енді есін жиған кезінде басқа көліктен ағасы шығып, екі жігітті ұстап, өзі полиция бөлімшесіне әкеледі. Ал екеуі қашып кеткен.

Тергеудегі олқылықтар

Жібектің айтуынша, Есік қаласы – әйелдерге қатысты жыныстық зорлық жиі тіркелетін, бірақ көп жағдайда ашық айтылмай қалатын орта болған. Ол мұның себебін шағын қаладағы қоғамдық қысыммен байланыстырды: жәбірленушілер көбіне өзіне қарсы айып тағылатынынан қорқып, арыз жазбай қояды деп түсіндірген.

"Көп жағдайда жәбірленуші әйелдер арыз жазбайды. Біздің Есік қаласында бұл үлкен проблема еді. Кейде ондай жағдайлар жиі болып тұратын, бірақ әрдайым кінәлілер жазаланбайтын. Қоғам жәбірленушіні басып тастайтын, “өзі кінәлі” деп айта салатын", – деген мазмұнда Жібек өз уайымын жеткізген.

Оның айтуынша, оқиға 2016 жылы караоке-барда басталған. Сол жерде ол ағасымен бірге төрт ер адам мен олармен бірге жүрген бірнеше қызбен кездесіп қалған. Мас күйдегі қыздар Жібекке тиісіп, сөзге келіп қалған.

Жібектің сөзінше, жанжал микрофонға таласудан басталып, кейін қорлау сөздерге ұласқан. Қыздар оның туысына тиісіп, намысына тиетін сөздер айтқан. Жібек олардың өз туысы екенін түсіндіріп, жанжалдан аулақ болуға тырысқан. Кейін олар сыртқа шыққан кезде, екі ер адам оларға жақындап, танысуға тырысқан, бірақ Жібек бас тартқан. Осыдан кейін жағдай ушыға түскен.

Караокеге қайта кіргеннен кейін де жанжал тоқтамаған, нәтижесінде әкімшілік олардан мекемеден кетуді сұраған. Олар сыртқа шыққан соң да артынан ілесіп келген қыздар қайтадан балағат сөздер айтып, жанжал жалғасқан.

Сол кезде екі ер адамнан тұратын топ оларға жақындап, агрессия көрсеткен. Жанжалды ажыратуға Жібектің ағасы араласқан. Кейін қара түсті көлік келіп, ішінен екі ер адам шығып, Жібекті көлікке күштеп отырғызған, ал оның ағасы соққыға жығылған.

Жібектің айтуынша, көлік ішінде төрт ер адам болған, оның қозғалуына мүмкіндік берілмеген. Ол қарсылық көрсетіп, полицияға жүгінетінін айтқанымен, олар бұған мән бермеген.

"Мен оларға тоқтауларын айтып, шағым түсіретінімді ескерттім. Бірақ олар тыңдамады", – дейді Жібек. 

Оның айтуынша, сол адамдар оны ұрып-соққан, белгілі бір сәтте есінен танып қалған. Есін жиған кезде “енді не істейміз?” деп жатқанын естіген. 

Түні бойы туыстары қызды іздеп, таңға жақын ғана тапқан. Анасының айтуынша, қызға зорлық жасалған көлік полиция ғимаратынан небәрі 50 метр жерде тұрған. Сол сәтте көліктің ішінде қыз бен оны зорлаған күдіктілер болған.

Анасының сөзінше, дәл сол мезетте оның тағдыры шешіліп жатқан, өйткені күдіктілер іздерін жасыру үшін жәбірленушіні өлтіру мүмкіндігін де талқылаған.

Жібек кейін күдіктілердің жауапкершіліктен сытылып кетуінен қорыққанын, бірақ соңына дейін әділдікке жетуге тырысатынын жеткізген.

Сол кезде Жібек полицейлердің немқұрайлылығына тап болды. Сөзінше, тергеу өте салғырт жүргізілді. Тіпті бөлімшеге ұстап әкелген ер адамдарды босатып жіберген, көліктерін де қайтарып берген. Оқиға кезінде көлік бірден тәркіленбегендіктен, іздер жуылып үлгерген.

“Полицейлермен таныс сияқты көрінді. Тергеуші құдды оларды мен зорлағандай сөйлесті! “Соншама не болыпты?” деген сөздер айтылды. Кейінірек сол жігіттермен көп ортақ танысымыз бар екені белгілі болды. Олар қоңырау шалып, кешіруімді сұрай бастады. Тіпті ағама сес көрсетіп, шағымын қайтарып алмаса, оны өлтіретінін айтты. Олар "Сенің отбасың бар екенін ұмытпа деп меңзеді”, – деді Жібек сұхбаттарының бірінде.

Сондай-ақ жәбірленушінің куәлігі бейнежазбаға түсірілмеген. Қыздан перзентханада медициналық сараптама алған. Ал сот-медициналық сарапшы көгерген жерлерді ғана зерттеген. Алайда сараптама перзентханада емес, сот-медициналық сарапшыда алынуы керек еді.

Резонансты оқиға Есіктегі бірнеше жайттың бетін ашты

Содан кейін қыздың отбасы әділдікті талап етіп, желіде үндеу жариялады. Ол қызын зорлағандарды жазалауды талап етеді. Содан кейін ғана жағдай қоғам арасында талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде жаңа хэштег – #Жібектіқорғайық (защитимЖібек) деген пайда болды. Іске адвокат Айман Омарова кірісіп, Жібектің құқығын қорғады. “Немолчи” қорының басшысы Дина Смайылова да бұл оқиғаны тұрақты түрде жазып отырды.

Осыдан кейін қылмыстық іс Алматы облыстық ішкі істер департаментінің ерекше бақылауына алынды,тергеу тобы ауысты. Күдіктілер қамауға алынды.

Ал күдіктілерді қамауға алмағаны үшін және тергеудегі олқылықтар үшін Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің 4 қызметкерінің үстінен “Салғырттық” бабы бойынша іс қозғалып, қызметінен шеттетілді. Оның ішінде кезекші майор Кусулбеков, криминалдық полиция бөлімінің бастығы майор Орынбасаров, тергеуші аға лейтенант Қалкенов және тергеу бөлімінің бастығы майор Сыдықбеков бар. Бірақ кейін Сыдықбеков Шелек ауданына ауысқан. 

Жібек Мусинова
Фото: Informburo.kz

Жібектің айтуынша, сол кезеңде ауыр күйзелістен кейін жүйкесінің сыр беруінен қатты қорыққан. Сонымен бірге оқиға болған күні жауап алған Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі тергеушісінің әрекетін сынға алған.

“Тергеуші маған “неге жылайсың, неге зарлайсың” деп дөрекі сөйледі. Төрт адам туралы сұрақ қойғанда, менің жағдайым нашарлап, истерика басталды. Оған “неге айқайлайсыз” деп айттым, бірақ ол тоқтамады. Ол кезде шағым жазатындай халде болған жоқпын. Кейін ісімді облыстық полиция департаментінің басқа тергеушілері жалғастырды, олар өте сыпайы әрі кәсіби болды”, – деп еске алған.

Жібек бұл істің жария болуы бекер емес екенін, егер қоғам назар аудармаса, іс жабылып қалуы мүмкін екенін айтқан.

“Біз қарапайым отбасы едік, ешқандай ықпалды таныстарымыз болған жоқ. Егер резонанс болмаса, іс жабылып кетер еді”, – деген ол. Сол кезде өзінің үйден көп шықпағанын, адамдармен араласуын да шектегенін айтқан.

Ол сондай-ақ жақындары мен достарының қолдау көрсеткенін, алайда кейбір таныстарының “кешіре сал” деген пікір айтқанын да сөз етті.

Күдіктілердің туыстары, Жібектің айтуынша, сол уақытта отбасына келіп, кешірім сұрап, тіпті ақша ұсынып, істі тоқтатуға тырысқан.

“Олар анаммен сөйлесті, көршілерге дейін барған, тіпті үйдің ауласына кіріп келген. Бір күдіктінің әпкесі бірден келіп, кешірім сұрады. Ақша ұсынып, бәрін шешеміз деді. Бірақ мен олардың міндетті түрде заң алдында жауап беруі керек екенін айттым”, – деген Жібек.

Жібек Мусинованың шындықты ашық айта алғанының арқасында әйелдерге қатысты зорлық тақырыбы ашық талқылана бастады. Жібекті қолдау үшін бұрын зорлық құрбаны болған жандар да сот алдына келді. Сөздерінше, бұған дейін мұндай істер сирек жарияланып, көп жағдайда жәбірленушілер үнсіз қалатын.

"99% жағдайда зорланған әйелдер шағымданбайды. Ал ауылда бұл жиі болады. Бірақ қаскөйлер жазасыз қалады. Себебі қоғам жәбірленушіні басып тастайды. “Өзің кінәлісің, жеңіл жүрістісің” деп айыптайды", – деді Жібек.

Cотталушылар мен олардың жақындары да солай ойлады. Олар сотта жыныстық қатынас ерікті түрде болғанын айтып, кінәларын мойындаған жоқ. Ал айыпталушылардың жақындары Жібекті мұндай тақырыпты қоғам арасына ашық айтқаны үшін айыптады. 

Жібек
Фото: Скриншот

Тіпті оның үйінің қақпасына оған қатысты бейәдеп сөз жазып кеткендер болды. Қыз мұны сотталушылардың туыстары жазды деп пайымдап, полициядан шара қолдануды сұрады. Дегенмен кім жазғаны сол күйі табылған жоқ.

Сот отырысы қалай өтті?

19 қазанда жабық режимде сот отырысы басталды. 22-29 жас аралығындағы 4 күдіктіге 4 бап бойынша айып тағылды:

  • Қылмыстық кодекстің 120-бабы “Зорлау”;
  • Қылмыстық кодекстің 125-бабы “Адам ұрлау”;
  • Қылмыстық кодекстің 121-бабы “Сексуалдық сипаттағы күш қолдану”;
  • Қылмыстық кодекстің 293-бабы “Бұзақылық”.

Сот-медициналық сараптамасы бойынша Жібектің денесінде ер адамдарға тиесілі биологиялық материалдар табылды. Алайда денесінен тек бір ер адамның генетикалық материалы (ДНҚ) анықталған, қалған үш айыпталушының ДНҚ-сы табылмаған.

Тексеру кезінде оның денесінде тістеу іздері, сондай-ақ басқа да жарақаттар анықталды. 

Жәбірленуші тарап сотталушыларға кешірім бермейтінін және ешқандай ақша керек емес екенін айтты. Олардың басты қалауы – лайықты жазаның тағайындалуы еді. 

28 қарашада атышулы іс бойынша үкім шықты. 

сотталушылар
Фото: Informburo.kz

Сот төрт айыпталушыны кінәлі деп таныды:

  • Асхат Бектұрсын – 10 жыл (“Зорлау”, “Сексуалдық сипаттағы күш қолдану”, “адам ұрлау”, “бұзақылық” баптары бойынша);
  • Алмас Ермеков – 9,5 жыл (“Зорлау”, “Сексуалдық сипаттағы күш қолдану”, “адам ұрлау”, “бұзақылық” баптары бойынша);
  • Нұрбол Елтай – 9 жыл (“Зорлау”, “адам ұрлау”, “бұзақылық” баптары бойынша);
  • Ербол Ермеков – 8 жыл (“Зорлау”, “адам ұрлау”, “бұзақылық” баптары бойынша).

Нұрбол Елтай мен Ербол Ермеков Қылмыстық кодекстің 121-бабы “Сексуалдық сипаттағы күш қолдану” бойынша ақталып шықты. Яғни судья олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз болғанын мәлімдеді. 

Жәбірленуші тарап шешіммен келісіп, әділ жаза екенін айтты. Ал сотталушылар үкіммен келіспей, оның жақындары шу шығарды.

14 ақпанда сотталушылардың шағымы негізінде апелляциялық сот алқасы істі қарады. Дегенмен бірінші сот инстанциясының шешімі өзгеріссіз қалды.

Қырмызы Скендирова
Сенбі, 20 Маусым, 2026 10:00