Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық хакер Түркиядан Қазақстанға депортацияланды

Атыраулық хакер депортация
Фото: polisia.kz

Алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген ер адам Түркиядан Қазақстанға жеткізілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Instagram арқылы Атыраудың екі тұрғынын алдап, 3 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттіні Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Полиция күдіктінің 19 маусымда депортацияланғанын алға тартты. Ол алаяқтық әрекет жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған. 

“Іздеуде жүрген азамат Қазақстан ІІМ Интерполының Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Түркия Республикасының Самсун қаласында ұсталған. Оны елге қайтару жұмыстарын ұйымдастыруға Түркиядағы ҚР ІІМ өкілі Қазақстан Республикасының елшілігімен бірлесіп елеулі көмек көрсетті”, – делінген хабарламада. 

Тергеу мәліметінше, күдікті 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Instagram және басқа да жүйелерді пайдаланып, Атыраудың екі тұрғынын алдап кеткен. Олардың ақшасынан келген шығын 3 миллион теңгеден асқан.

Іздеуде болған күдікті ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Tengrinews.kz порталының мәліметінше, бұл депортациялаған азамат Атыраудағы жоғалған отбасы туралы ақпарат таратқан хакер болып шықты. 

Еске салсақ, бұған дейін атыраулық хакердің Түркияда ұсталғаны хабарланған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 20 Маусым, 2026 11:08