Алматылық әйел супермаркеттегі жанжал үшін айыппұл арқалады: Ол өзіне орыс тілінде жауап беруді талап еткен

Алматыда дүкендердің бірінде әйел супермаркетте жұмыс істейтін қазақ қызына орысша сөйлемегені үшін жанжал шығарды. Әйел қызды видеоға түсіріп орысша жауап бермесе желіге жариялайтынын айтып қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Алматыдағы супермаркеттердің бірінде болған. Әйел кассадағы кезекке шағымданып, қызметкерден басқа жылдам қызмет көрсетуін талап еткен.
Видео кадрларында қазақ қызы “Кассаның барлығы ашық. Сағат 12-де қызметкерлер тағы келеді” деп жауап берген. Алайда әйелдер оны видеоға түсіріп орысша жауап беруді талап еткен.
“Үш сағаттан бері тұрмыз. Кассалар жұмыс істемейді. Жауап беріңіз неге біз күтіп тұрмыз жаңадан бері. Біз қазақша түсінбейміз, орысша сөйлейміз. Маған орыс тілінде жауап беріңіз! Мен сізге орыс тілінде сұрақ қойып тұрмын! Орыс тілінде жауап беруден бас тартасыз ба? Мен видеоны желіге саламын. Орыс тілінде жауап беріңіз”, – деген әйел видео кадрларында.
Оқиға желіде қызу талқылануда. Желі қолданушылары әйелдің әрекетін сынауда.
“Қызметкер қыз қандай сабырлы, өзін керемет ұстады”, “Кемсіткісі келді ау, бірақ өз қадірін жоғалтты”, “Арандатуға жол жоқ. “Орысша сөйле. Мұнда орыстар тұрмыз” деп айқай шығарған. Арандатуға тырысқан әйел Алматы тұрғыны екен. 1964 жылы туған Қазақстан азаматы. Сонда 60 жылдан астам Қазақстанда тұрып, екіауыз қазақша сөз білмесе кім кінәлі? Орысша білмейтін Қазақстан азаматына дауыс көтеріп, орысша сөйлеуді талап етіп, әдейі видео түсіргенде нені көздеді? Біз, мысалы, отбасымызбен орысша білмейміз. Тек қазақша сөйлейміз. Сонда қалаған жерімізде жұмыс істей алмаймыз ба?! Заң қайда?”, – деп жазды желі қолданушылары
Оқиғадан соң депутат Мұрат Әбенов қазақ қыздан орысша сөйлеуді талап еткендердің жеке басы анықталып, жауапқа тартылғанын мәлімдеді.
ОқыңызПолиция да ақпаратты растады.
“Жанжалға себеп болған құқық бұзушы әйелдің жеке тұлғасы анықталды. Әйелге қатысты әкімшілік іс материалдары жиналып, сот шешімімен оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіп талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ қоғамда алауыздық туғызуға себеп болатын кез келген агрессия, әдепсіз әрекет және арандатушылық қылықтарға жол берілмейтінін, мұндай әрекеттер заң аясында қатаң жазаланатынын ескертеді”,– деді ведомство.