Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қол қусырып тұра алмадым": Алматылық әке 1 жастағы көршісінің баласын қалай аман алып қалғанын айтып берді

Данияр Бектанов
Фото: Stan.kz / Данияр Бектанов

Әлеуметтік желіде бананға қақалды делінген 1 жас 2 айлық сәбидің жағдайы шын мәнінде фебрильді құрысудан күрт нашарлаған. Сол сәтте көршісі Данияр Бектанов қарап тұрмай, жедел жәрдем келгенше балаға алғашқы көмек көрсеткен. Stan.kz тілшісі анамен және сәбиге көмектескен Данияр Бектановпен тілдесіп, оқиғаның қалай болғанын сұрап білді.

 

"Денесі құрысып, өңі сұрланып, көгеріп кетті"

Алматыдағы оқиға кезінде 1 жас 2 айлық баланың бананға қақалып қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда баланың анасы Ләззат Исеева мен оған алғашқы көмек көрсеткен көршісі Данияр Бектанов осы мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтты. Олардың сөзінше, бала ешқандай тағамға қақалмаған. Кейін дәрігерлер оған жоғары дене қызуынан туындаған фебрильді құрысу (дене қызуының күрт көтерілуі кезінде, көбіне 6 ай мен 5 жас аралығындағы балаларда пайда болатын құрысу ұстамасы. Ұстама кезінде бала есінен танып, денесі тартылып, қол-аяғы дірілдеуі, көзі аларуы немесе тынысы уақытша қиындауы мүмкін) диагнозын қойған. Оқиға кезінде баланың тынысы тарылып, денесі көгеріп кеткен. Сол сәтте көршісі Данияр Бектанов жедел жәрдем жеткенше алғашқы көмек көрсетіп, баланың жағдайын бақылауда ұстаған. Данияр Бектановтың айтуынша, оқиға 6 маусым күні болған. Көршісінің көмек сұраған дауысын естіген ол бірден баланың жанына жүгіріп барған. Алғашында сәби бір нәрсеге қақалып қалған шығар деп ойлағанымен, кейін жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін түсінген.

"Балаларымды үйге шақырайын деп сыртқа шыққан едім. Сол кезде көрші әйелдің жанұшыра айғайлаған дауысын естіп, бірден жүгіріп бардым. Көршіміз қатты қобалжып тұрғанын байқадым. Бала тыныс ала алмай, қиналып жатты. Алғашында тамағына бірнәрсе тұрып қалды ма деп ойладым. Сондықтан анасынан бала жақында не ішті, не жеді деп сұрадым. Ол сүт ішкенін айтты. Содан кейін баланың тыныс алу жолдарын тексеріп көрдім. Ештеңе байқамадым. Кейін оның құрысып, ұстамасы ұстап жатқанын аңғардым. Сол сәтте қолдан келгенше алғашқы көмек көрсетуге кірістім", – дейді Данияр Бектанов.

Баланың жағдайы бірнеше рет нашарлаған. Данияр жедел жәрдем келгенше оның тынысын бақылап, алғашқы көмек көрсетуді тоқтатпағанын айтады.

"Баланың өңі сұрланып, көгеріп кетті. Бәріміз қатты қорықтық. Кейбір тұрғындар жедел жәрдем келгенше тиіспеңіздер деді. Бірақ мен құр қарап тұра алмадым. Егер жай ғана жатқызып қойсақ, есін жоғалтады деп шошыдым. Сондықтан бар білгенім мен тәжірибемді пайдаланып, баланы аман алып қалуға тырыстым. Жедел жәрдем жеткенше оның тынысын, жүрек қағысын бақылап отырдым", – дейді Данияр Бектанов.

Данияр Бектанов
Фото: Stan.kz

"Ерекше ерлік жасадым деп айта алмаймын"

Даниярдың айтуынша, алғашқы көмек көрсету дағдыларын ол студент кезінде әскери кафедрада оқып жүргенде меңгерген. 

"Сол білімім есімде қалыпты. Жедел жәрдем келгенше көрші баланың есін жоғалтпауына көмектесіп, жағдайын бақылап отырдым. Кейін бірге ауруханаға бардық. Дәрігерлер баланың жағдайы жақсы екенін айтқанда ғана бәріміз тынышталдық. Қазір шүкір, бәрі жақсы", – дейді ол.

Данияр Бектанов бұл оқиғадан кейін өзіне айтылып жатқан алғыс пен жылы лебіздерді сабырмен қабылдап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай жағдайда кез келген адам қолынан келген көмегін көрсетуге тырысар еді.

"Менің ғана қолымнан келетін іс емес деп ойлаймын. Кішкентай көршіміздің баласы болғанымен, бөтен бала болмайды ғой. Әр бала өз балаңдай. Осындай жағдайда менің орнымда болған кез келген адам көмек көрсетуге тырысар еді. Сондықтан өзімді ерекше ерлік жасадым деп айта алмаймын. Ең бастысы – баланың аман қалғаны", – дейді Данияр Бектанов.

"Баламды жоғалтып алдым ба деп ойладым"

Осы ретте Алиярдың анасы Ләззат Исеева сол күнге дейін кенже ұлының денсаулығында ешқандай күрделі мәселе болмағанын айтты. Оның сөзінше, бәрі баланың қызуы көтерілген сәттен басталған.

"Балам бұған дейін ешқандай ауыр сырқатпен ауырған емес. Сол күні дене қызуы қатты көтерілді. Дәрі алайық деп шығып бара жатқанбыз. Лифтінің ішінде кенеттен ауа жетпей, аузынан көбік аға бастады. Бір мезетте көгеріп кетті. Кейін дәрігерлер оның фебрильді құрысу болғанын айтты. Оған дейін ештеңе жемеген еді, балалар арбасында жақсы ұйықтап тұрды. Далада ойнап келіп демалған. Тамағында да ешнәрсе болған жоқ. Жедел жәрдем қызметкерлері баланы шалқасынан жатқызбай, бір қырымен жатқызуды айтты. Данияр да ұйықтап кетпеуіне көмектесіп, денесіне, бетіне салқын су қойып отырдық", – дейді ол.

Үш баланың анасы мұндай жағдайды алғаш рет бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, баласының көгеріп кеткенін көрген сәт өміріндегі ең ауыр минуттардың бірі болған.

"Кейін ауруханада балама энтеровирус пен ЖРВИ диагнозы қойылды. Бірақ сол сәтте біз оның себебін білмедік. Үш балам бар, алайда мұндай жағдайды бұрын бастан өткерген емеспін. Өзім алғашқы көмек көрсетуді білемін. Соған қарамастан кенже балам көкпеңбек болып кеткенде өліп қалды деп ойладым. Қатты қорқып, абдырап қалдым. Баламнан айырылып қаламын ба деген ой келді. Жедел жәрдем шақырғанда да қатты қобалжыдым. Мен үшін әр секунд маңызды болып тұрғанда түрлі сұрақтар қойылғанына түсінбей қалдым. Жедел жәрдем шақырған кезде де жан даусыммен "тезірек келіңіздерші" деп жалындым. Ал ол жақтан "жасы қанша?", "не болды?" деген сұрақтар қойылып жатты", – дейді Ләззат Исеева.

Ләззат Исеева үшін сол сәттер өміріндегі ең қорқынышты минуттарға айналған. Баласының көгеріп, есінен танып бара жатқанын көрген ана бір сәтке оны жоғалтып аламын ба деп қорыққанын жасырмайды.

"Басында оның энтеровирус немесе ЖРВИ екенін білген жоқпыз. Кейін ауруханада дәрігерлер диагноз қойды. Бірақ ол кезде мен үшін диагноздың еш маңызы болмады. Үш балам бар, бірақ мұндай жағдайды бұрын-соңды көрген емеспін. Өзім алғашқы көмек көрсетуді білемін. Соған қарамастан кенже баламның көкпеңбек болып кеткенін көргенде, оны жоғалтып алдым ба деп ойладым. Қатты шошып кеттім. Тіпті баламнан айырылып қалуым мүмкін деген ойды қабылдағым келмеді. Кейін баламның өңі біртіндеп кіріп, көгергені қайтып, өзіне келе бастағанда ғана терең тыныс алдым. Сол сәтте ойыма келген жалғыз нәрсе "Балам тірі екен, Аллаға шүкір" деген сөз болды", – дейді Ләззат Исеева.

"Балаларыма анасынан айырылып қалдық деп айту оңай болмады"

Баланы құтқарған Данияр Бектанов – жалғызбасты әке, кәсіпкер. Оқиғадан кейін көпшілік оның өз өміріндегі ауыр сынақтардан өткенін де біліп жатыр. Қазір ол үш баланы бағып отыр. Оның жары Әсел Әлімжанова 2020 жылы пандемия кезінде қайтыс болған.

"Карантин кезінде 19 күндей комада жатып, Талдықорған қаласында қайтыс болды. Астанадан ұшып шыққан санавиация жарты сағат кешігіп қалды. Сол кезде өмірден өтіп кетті. Өмірге баланы сыйлап кетті. Біраз уақытқа дейін қатты күйзеліске түсіп, жарты жылдай психологқа барып жүрдім. Психологтар көп көмектесті. Кейін қырқын өткізгеннен кейін ғана оның жанымда жоқ екенін түсіне бастадым", – дейді ол.
Данияр Бектанов
Фото: Stan.kz

Әкенің айтуынша, балаларына аналарының өмірден өткенін түсіндіру де оңай болмаған. 

Данияр Бектанов
Фото: Stan.kz

Данияр Бектановтың айтуынша, жары өмірден өткеннен кейін балаларын өсіру жолында ата-анасы мен туған-туыстары үлкен қолдау көрсеткен. Қазір ол бар күш-жігерін балаларының болашағына арнап келеді.

"Кейін әйелімнің зиратына қоршау қойдырдым. Бірақ балаларымды әлі күнге дейін аналарының басына апарған жоқпын. Өйткені олардың психологиясына ауыр әсер еткім келмеді. Қазір жеке кәсіппен, өндіріс саласында айналысамын. Содан бері алты жыл өтті. Кенже қызым Айсаулық ол кезде жаңа туған еді. Қызымды ата-әжесі бағып, үлкен балаларға да көп көмектесті. Туған-туыстарыма алғысым шексіз. Алдағы мақсатым – маған аманат болған балаларымды аман-есен өсіріп жеткізу. Әр әке баласының өзінен де биік болғанын қалайды ғой. Мен де балаларымды жалғыз тәрбиелеп келемін", – дейді ол.
 
Данияр Бектановтың ата-анасы
Фото: Stan.kz

Әке үшін ең маңыздысы балаларының жүрегінде анасының жарқын бейнесін сақтап қалуы дейді Данияр. Сондықтан ол ұл-қыздарына аналары туралы жылы естеліктерді жиі айтып отырады.

"Айсаулық санаулы күннен кейін алты жасқа толады. Үйдің кенжесі, біздің кішкентай еркеміз. Өкінішке қарай, анасы оның өскенін, алғашқы қуаныштарын көре алмады. Жолдасым комадан бір сәтке оянғанда қызының атын сұраған еді. Сол кезде атасы "денсаулық" сөзінен "саулықты" алып, мен алдына "Ай" сөзін қостым. Сөйтіп қызымыздың есімін Айсаулық деп қойдық. Қазір ол болашақта әнші әрі суретші болғысы келеді. Жарымның бейнесі балаларымның да, менің де көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Жалғызбасты әке ретінде өзімді мұңатпаймын, кейде қиын болатыны да рас. Бірақ балаларым үшін әрдайым мықты болуға тырысамын", – дейді Данияр Бектанов.
Данияр Бектанов
Фото: Stan.kz

 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 09:30