Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қордан бөлінген қаржы көшелерді жарықтандыру мен ауылдық клубтарға жұмсалған

Ақша купюра
Фото: Stan.kz

Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қор қаражатының жергілікті жобаларға жұмсалғанын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылы республикалық бюджеттің орындалуын тексеру барысында Жоғары аудиторлық палата бірқатар мәселені анықтады. Мұны Сенат отырысында палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндады. 

Оның айтуынша, ел үшін стратегиялық әрі ауқымды жобаларға бағытталуы тиіс Ұлттық қор қаражаты жергілікті маңызы бар міндеттерге жұмсалған. Атап айтқанда, көшелер мен саябақтарды абаттандыруға, ауылдық клубтар салуға және көшелерді жарықтандыруға бөлінген.

“Ұлттық қор қаражаты стратегиялық және ұлттық ауқымдағы жобаларға емес, жергілікті маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалды. Оның ішінде көшелер мен саябақтарды абаттандыру, ауылдық клубтар мен көше жарығын салу жұмыстары бар. Көптеген жоба жобалық-сметалық құжаттамасыз және жер телімдері дайын болмай тұрып қаржыландыруға енгізілген”, – деді Смайылов.

 Салдарынан бюджет орындалу барысында құны 100 миллиард теңгеден асатын 132 жобаны алып тастауға немесе ауыстыруға тура келген.

Жоғары аудиторлық палата басшысы Ұлттық қорға қаражатты қайтару мәселесіне де тоқталды. Егер қордан бөлінген қаражат уақытында игерілмесе, ол қайтадан Ұлттық қорға қайтарылуы тиіс. Алайда палата мәліметінше, бұл талап барлық жағдайда орындала бермейді.

“Шамамен 83 миллиард теңге Ұлттық қорға қайтарылмаған”, – деді Смайылов.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата жекешелендіру қарқынының баяулағанына назар аударды. Смайыловтың айтуынша, бәсекелі ортаға негізінен коммуналдық кәсіпорындар беріліп жатыр. Алайда кей жағдайда бұл өңірлер үшін жаңа мәселелердің туындауына себеп болған.

Смайылов бюджет үдерісінде мемлекеттік қаражатты тиімді әрі нәтижелі пайдалану мәселелері әлі де сақталып отырғанын айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 13:20