Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қор қаражатын пайдалану ережелері өзгереді: Ұлттық банк мән-жайды айтты

зейнетақы қорындағы ақша
Фото: Stan.kz

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қатаң шектеулер енгізу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, Ұлттық қорды сақтау және көбейту мәселесі әлі де өзекті.

“Еске салғым келеді, бізде контрциклдік бюджет ережесі күшіне енді. Салық кодексіндегі өзгерістерден кейін Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер едәуір қысқарды. Мысалы, өткен жылы кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің көлемі 5,2 триллион теңгеден асса, 2026 жылы шамамен 2,2 триллион теңге қарастырылған. Бұл айтарлықтай қысқару. Себебі биыл нысаналы трансферттер жоспарланбаған, тек кепілдендірілген трансферттер ғана бар”, – деді ол.

Молдабекованың айтуынша, мұндай шара Ұлттық қордан қаражат алуды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Себебі контрциклдік бюджет ережесіне сәйкес кепілдендірілген трансферт мұнай бағасының консервативті болжамына негізделіп, қатаң шектеледі. Ал нысаналы трансферт мемлекеттік шығыстарға белгіленген лимитпен реттеледі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор рекордтық инвестициялық табыс көрсеткен – 8,7 млрд доллар.

“Өткен жылы трансферттер көлемі айтарлықтай жақсы болғанына қарамастан, қордың көлемі өсті. Егер 2023 жылдың соңында ол 58,8 миллиард доллар болса, 2024 жылдың соңында 63,9 миллиард долларға жетті. Қазір Ұлттық қордың нарықтық құны 64,6 миллиард доллар болады”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Доллар әлсіреп, қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы біршама жинағынан айырылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 14:01