Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы қорында миллиардтаған теңге жоғалды: Ұлттық банк мұны доллардың әлсіреуімен байланыстырды

ақша
Фото: Stan.kz

Доллар әлсіреп, қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы біршама жинағынан айырылды. Оның себебін сенаттағы брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат брифингінде журналистер Ұлттық банк өкілінен азаматтардың табысы қаншаға төмендегенін, зейнетақы қоры қандай шығынға ұшырағанын сұрады. 

Молдабекованың айтуынша, теңге нығайғандықтан, Бірыңғай жинақтаушы қорындағы инвестициялық табыс азайды. Бірақ бұл шығын емес.

“Белгілі болғандай, инвестициялық активтердің шамамен 40%-ы әртараптандыру мақсатында шетел валютасына салынған. Қаңтардан наурыздың соңына дейін теңге долларға қатысты шамамен 5,5% нығайды. Соның нәтижесінде зейнетақы қорының инвестициялық табысы төмендеді. Атап айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс 240 миллиард теңгеге азайды”, – деді Молдабекова.

Сонымен қатар ол жыл басынан бері инвестициялық табыс оң көрсеткіште екенін айтты. 

“Жалпы, зейнетақы активтерінің кірісін қысқа мерзімде – апта сайын немесе ай сайын бағалауға болмайды. Себебі бұл ұзақ мерзімді жинақ. Сондықтан негізгі көрсеткіш ретінде зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірісін қарастырған дұрыс”, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк наурыз және сәуір айларында доллар әлсіреген тұста қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының кірісі неге төмендегенін түсіндіргені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 13:33