Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Наурыз-сәуір айларында зейнетақы қорының кірісі неге төмендеді: Ұлттық банк себебін айтты

ақша

Фото: Stan.kz

 

Ұлттық банк наурыз және сәуір айларында доллар әлсіреген тұста қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының кірісі неге төмендегенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төраға орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бұл шығын емес, теңгенің нығаюына байланысты инвестициялық табыстың азаюынан болды.

“Бұл жерде ешқандай шығын туралы сөз жоқ. Әңгіме теңгенің нығаюы аясында инвестициялық табыстың төмендеуі туралы болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, инвестициялық активтердің шамамен 40%-ы әртараптандыру мақсатында шетел валютасына салынған. Жыл басынан бері теңге долларға қатысты шамамен 5,5% нығайды. Соның салдарынан зейнетақы қорында инвестициялық табыс азайды. Нақты айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс 240 миллиард теңгеге төмендеді. Дегенмен жыл басынан бері көрсеткіш оң, яғни 172 миллиард теңгеден асады”, – деді Молдабекова.

Сонымен қатар ол зейнетақы активтерінің кірісін қысқа мерзімде апта сайын немесе ай сайын деп бағалауға болмайтынын айтты. Себебі бұл ұзақ мерзімге арналған жинақтар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мамырдан бастап зейнетақы жинағын алуға арналған шек көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 13:00