Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді зейнетақы жинақтарынан ақша шешіп алудың шекті мөлшері жаңа әдіспен есептеледі

теңгеФото: Stan.kz

Қазақстанда жеткілікті зейнетақы жинақтарының шекті мөлшерлерін есептеу тәсілі өзгереді. Қазіргі әдістің орнына жаңа формула ұсынылуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазір зейнетақы жинақтарынан ақша шешіп алу үшін белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегі ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, негізгі жәрдемақы, өмір сүру құны және басқа да ағымдағы көрсеткіштер негізінде есептеледі. Енді оның орнына актуарлық тәсілге көшу ұсынылды, яғни адамның жасы, күтілетін төлемдері, табыстылық мөлшерлемелері және демографиялық деректер ескеріледі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, тұрғын үй жағдайын жақсарту және медициналық шығындарды өтеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алу ережелеріне өзгерістер енгізу туралы үкімет қаулысының жобасы қаралуда. Құжатта ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтау әдістемесін қайта қарау көзделген.

"Өзгерістердің мақсаты – азаматтың болашақ зейнетақысы үшін шотында қалуы тиіс ең төменгі жинақ сомасына қойылатын талаптарды күшейту. Егер қазір шекті деңгей есептелгенде ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемі, күнкөріс минимумы және өзге де әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ескерілсе, жаңа модельде актуарлық тәсілге көшу ұсынылады", — делінген қор жауабында.

Жаңа әдіс бойынша шекті мөлшер болашақ төлемдермен тікелей байланысты болады. Шекті мөлшер болашақ зейнетақы төлемдерінің мақсаттарына қарай айқындалып, әр жас санаты үшін стандартты формула негізінде жеке есептеледі.

Жаңа әдістің қазіргі тәсілден басты айырмашылығы – болашақ зейнетақы жарналары есепке алынбайды, тек қолда бар жинақтар ғана қарастырылады. Сондай-ақ ол зейнетке шыққан кезде жинақтың жеткіліксіз болып қалу қаупін азайтады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының артық бөлігін пайдалану бойынша жаңа ережелер күшіне енген еді. 17 сәуірден бастап зейнетақы ақшасымен ипотеканың тек негізгі бөлігі ғана өтеледі. Бұрынғыдай ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкіндігі жойылды. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 20:18