Шайдоров пен оның жаттықтырушыларына Олимпиадағы жеңісі үшін төрт айдан кейін қаржы берілді

Шайдоров пен оның жаттықтырушылары Олимпиададағы жеңісі үшін ақшалай сыйлық алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоровқа және үздік алты спортшының қатарына енген Надежда Морозоваға сыйақы төлеу туралы қаулы қабылдады.
Қаулыға сәйкес, үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер үшін қаражат бөлінді. Барлығы екі спортшы және бес жаттықтырушы сыйақы алды.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткені үшін Шайдоров 250 000 доллар (шамамен 122 347 500 теңге) алады. Морозова 5000 доллар (2,5 миллион теңге) алады.
Сонымен қатар Олимпиада жүлдегерлері жергілікті билік органдарынан қосымша қолдау алады. Нақтырақ айтқанда жергілікті билік органдары спортшыларға жергілікті муниципалдық тұрғын үй қорынан тегін пәтерлер береді.
Істің мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Министрлік төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу барысымен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.
Кейін Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровтың командасымен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз