Шайдоровқа қатысты дауда кім жауапкершілікке тартылды: Спорт министрі жауап берді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты дауға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, спортшы мен спорт саласының жауапты қызметкерлері арасында түсініспеушілік орын алған. Дегенмен қазір Михаил Шайдоровпен келісімшарт жасалып қойған.
Оқыңыз“Біз Михаилмен бірге бұл жағдайды жан-жақты талдап, тиісті қорытынды жасадық. Шынында да, екі тараптың менеджерлері мен жауапты орындаушылары арасында коммуникациялық олқылықтар болып, ақпарат дұрыс түсіндірілмеген. Соның салдарынан осындай жағдай туындады. Сондықтан Михаилға қатысты мәселе толық шешімін тапты деп есептеймін. Осы мәселеге нүкте қоюды ұсынамын. Ең бастысы – спортшылардың жаңа маусымға дайындығына ден қоюы”, – деді Мырзабосынов.
Сонымен қатар министр Спорт министрлігі тарапынан жауапты менеджерлерге әкімшілік жаза қолданылғанын айтты. Алайда олардың нақты қандай тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын нақтылаған жоқ.
Істің мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Министрлік төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу барысымен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.
Кейін Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровтың командасымен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты