Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев АҚШ-тың газ өңдеу саласындағы компания басшыларымен кездесті

Жиналыс
Фото: akorda.kz

Президент Air Products бас атқарушы директоры Эдуардо Менезеспен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесуде табиғи газ өңдеу және өнеркәсіптік газ өндірісіне маманданған америкалық компания жетекшісімен кездесу барысында аталған саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы қаралған.

Тоқаевтың айтуынша, АҚШ Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі және еліміз өзара тиімді байланысты кеңейтуге мүдделі.

“Эдуардо Менезес компанияның Қазақстан экономикасына инвестиция құю мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді. Өйткені Air Products газ өңдеу мен газ химиясы, сондай-ақ көмірді терең өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытады”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Тоқаев аталған бастаманы құптап, Қазақстан тарапы оған қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Айта кетейік, Air Products компаниясы АҚШ-тың ірі компанияларының қатарына кіреді. Көгілдір отын өңдеу, өнеркәсіптік газ (азот, сутегі, оттегі) өндірісі бойынша халықаралық көшбасшылардың бірі саналады.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев АҚШ пен Иран қабылдаған бейбіт келісімді құптағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 19:03