Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәркіленген цифрлық активтер Қазақстанның құны 1 миллиард доллар болатын крипторезервіне енгізілмек

Қазақстанда крипторезерв
Фото: magnific.com

Қазақстан $1 миллиард көлеміндегі ұлттық стратегиялық крипторезерв құруға кірісті. Ұлттық банк бұл қадам активтерді әртараптандыру мен инвестициялық табыстылықты арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл крипторезерв активтерді әртараптандыру және олардың табыстылығын арттыру үшін құрылған. Алайда Тимур Сүлейменов криптоактивтерге инвестиция салудың нақты мерзімдерін атаған жоқ.

Сонымен қатар Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық стратегиясын қайта қарап жатыр. Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру үшін Ұлттық банк жоғары кіріс әкелетін активтердің, соның ішінде акциялар мен баламалы құралдардың үлесін көбейтуді жоспарлап отыр.

Маусым айында Ұлттық банк баламалы құралдардан тұратын жаңа портфель құрды. Осы бағытта 500 миллион доллар көлеміндегі алғашқы транш жүзеге асырылды.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері 66,537 миллиард долларды құрады. Ал Ұлттық қор активтері 66,373 миллиард доллар деңгейінде бағаланған.

Осылайша Қазақстан инвестициялық құралдар аясын кеңейтіп, криптоактивтер мен баламалы активтерді қоса алғанда, резервтерді әртараптандыру және табыстылықты арттыру бағытын күшейтіп отыр.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 17:30