Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған хейт жазатындар – ауылдан шыққандар, колхоздар": Тұрсынбек Қабатовтың қызы желідегі сөзі үшін сынға қалды

Тұрсынбек Қабатов пен қызы
Фото: Instagram.com/tursynbek_kabatov_resmi

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Айару тікелей эфирдегі сөздері үшін көпшіліктің ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің қызы TikTok желісіндегі тікелей эфирде өзіне жағымсыз пікір жазатын қолданушыларға жауап берген. Ол теріс пікірлер әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыратынын айтып, сын жазатын адамдарды “өмірде ештеңеге қол жеткізбеген ауыл адамдарына” теңеген.

“Сіздердің маған жазған жағымсыз пікірлеріңіз менің белсенділігімді көтереді. Жаман теріс пікір жазатындар – өмірде ештеңеге қол жеткізбеген ауылдың адамдары деп ойлаймын. Ал мен ше? Мен 14 жаста болсам да керемет билей аламын, конькиді өте жақсы тебемін, футбол ойнай аламын. Ал бұл сіздердің қолдарыңыздан келе ме? Жоқ. Ауылдан, ауылдың адамдары болмасаңыздар да, өздеріңізді ауылдың адамдары сияқты ұстайсыздар. Колхоз деп те айтуға болады”, – дейді ол.

Жасөспірімнің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік ауылдан шыққан адамдарды төмендетуге болмайтынын айтып, Айарудың сөзін орынсыз әрі әдепке жат деп бағалады.

Пікір білдірушілердің бірі Тұрсынбек Қабатовтың өзі де ауылдан шығып, таланты мен еңбегінің арқасында танылғанын еске салды. Олар Айарудың бүгінгі мүмкіндіктеріне ата-анасының еңбегі мен танымалдығы да әсер еткенін айтып, өз жетістігін өзгелерден жоғары қою дұрыс емес екенін жеткізді.

“Қазақстанда ауылдан шығып, ғылымда, білімде, өнерде және спортта үлкен жетістікке жеткен азаматтар өте көп. Коньки тебу, футбол ойнау немесе би билеу – өзгені кемсітуге себеп емес”, – деп жазды желі қолданушылары.

Тағы бірқатар оқырман Айарудың әлі жас екенін айтып, оның көзқарасы отбасындағы тәрбие мен қоршаған ортаның ықпалымен қалыптасатынын атап өтті. Дегенмен көпшілік ата-анасы қызына елді мекеніне немесе әлеуметтік жағдайына қарап адамды бөлуге болмайтынын түсіндіруі керек деп есептейді.

Тағы бір пікір білдіруші ауылдан шыққан жастардың жетістігі мысалға келтірді. Оның сөзінше, орыс тілінде сөйлеу немесе өзін қалалық адам ретінде көрсету ешкімді өзгеден жоғары етпейді. Керісінше, ана тілінен алыстау адамның беделін түсіреді.

“Әсел Амангелді Арыс ауылынан шығып, бүгінде Гарвардта сабақ береді. Ауылда футболды екінің бірі ойнайды, би билейтін балалар да көп. Сонда сенің олардан қандай айырмашылығың бар?” – деп жазды оқырмандардың бірі.

Кейбір желі қолданушылары Айару атаған қабілеттерді ерекше жетістік деп санамайтынын жеткізді.

“14 жаста коньки тебу, футбол ойнау және биге қатысу – аса таңғаларлық нәрсе емес. Біздің балаларымыз бұл жаста спортпен де айналысты, ағылшын тілін де үйренді. Үлкен қызымыз портрет салатын, кішісі кәсіби деңгейде волейбол ойнайтын. Иә, мен де ауылда туғанмын”, – деп жазды пікір иесі.

Тағы бір оқырман Айарудың әлі бала екенін айтып, оның түсінігі мен құндылықтарының қалыптасуына отбасының ықпалы зор екенін атап өтті.

“Би билеу, коньки тебу, футбол ойнау – өмірдегі ең басты құндылық емес. Ауылдан шығып, ата-анасын сыйлайтын, үлкенді құрметтейтін адам әлдеқайда биік тұрады”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 11:58
Талқылау