Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Binance арқылы 1,9 миллиард теңге тапқан: Қостанайлық азамат криптовалютадағы заңсыз операциялары үшін сотталды

криптовалютамен 1,9 миллиард тапқан
Фото: depositphotos.com

Binance платформасында заңсыз криптовалюта саудасын жүргізген қостанайлық азамат сотталды. Тергеу мәліметінше, ол бірнеше жыл ішінде 1,9 миллиард теңгеден астам кіріс тауып, қаржыны жасыруға тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, ер адам 2020-2024 жылдар аралығында тиісті рұқсатсыз Binance платформасында P2P форматында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу-сату бойынша заңсыз қызметті ұйымдастырған.

“Қаржылық операцияларды жүргізу үшін сотталған адамның өзіне де, оның туыстарына және өзге адамдарға да рәсімделген банк шоттары пайдаланылды. Заңсыз қызметтің нәтижесінде ол жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеден асатын заңсыз кіріс алды. Оны қылмыстық шығу тегін жасыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырды”, – делінген хабарламада. 

2026 жылғы 14 шілдеде Қостанай облысының 28 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі күшіне енді. Ол криптовалюта саласындағы заңсыз операциялар мен қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.

“Сот оны мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жазалады. Сондай-ақ цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ цифрлық майнингке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айырды. Облыс прокуратурасының талап-арызы бойынша сот сотталған адамнан мемлекет пайдасына 1,9 млрд теңгеден астам соманы өндіріп алды.

Сонымен қатар, сот мемлекет пайдасына 13,4 миллион теңге сомасына ақшалай қаражатты, 2 жеңіл автокөлікті және 7,9 мың АҚШ доллары сомасына цифрлық активтерді тәркіледі”, – делінген хабарламада. 

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 11:25
Талқылау