Атақты балуан Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті болды

Қазақстандық танымал күш иесі Сергей Цырульников Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы Сергей Цырульниковтың бұл қызметке тағайындалуын "саналы таңдау" деп атады.
"Ол ұзақ жылдар бойы салауатты өмір салты мен спортты насихаттап келеді, спортшыларға, жастарға және еліміздің спорттық рухын нығайтуға бағытталған бастамаларға тұрақты қолдау көрсетіп жүр. Қазақ мәдениетінде ерекше мәнге ие "батыр" деген ұғым бар. Бұл – тек қаһарман ғана емес, ар-намысты жоғары қоятын, өз ісіне және Отанына адал жан. Сергей Цырульников дәл осындай азамат. Оны отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік және еліне пайдасын тигізуге деген шынайы ниет ерекшелейді", – деді федерация өкілдері.
Федерация өкілдері Сергей Цырульниковтың адамдарды бір мақсатқа жұмылдыра алатынын, өз үлгісімен шабыттандырып, отандық спорттың дамуына үлес қоса алатын тұлға екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ оның мол тәжірибесі, күш-жігері мен ісіне адалдығы Қазақстандағы ауыр атлетиканың одан әрі дамуына маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Сергей Цырульников – Қазақстан Республикасының ізгі ниет елшісі, "Құрмет" және "Достық" мемлекеттік ордендерінің иегері. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігінің ресми амбассадоры.
Ол жеті жетістігімен Гиннестің рекордтар кітабына енген, әлемнің және Қазақстанның бірнеше дүркін рекордшысы.
Сондай-ақ Сергей Цырульников көптеген бірегей әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы имидждік жобалардың авторы. Солардың қатарындағы "100 ауыл" жобасын Мемлекет басшысы жеке атап өткен.
Оқыңыз