Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте Toyota мен Lexus бренді майларының көшірмесін сатып келген

Toyota мен Lexus жасанды май
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Шымкентте кәсіпкер Toyota мен Lexus брендтерін заңсыз пайдаланып, контрафактілік мотор майы мен сүзгілерді сатқан. Мамандардың айтуынша, мұндай жалған өнімдер көлік қозғалтқышына елеулі зақым келтіріп, қымбат жөндеу жұмыстарына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Отырар” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкенттегі май ауыстыру бекеттерінің бірінен Toyota және Lexus брендтері заңсыз пайдаланылған өнімдер анықталды. Тексеруді Әділет департаментінің қызметкерлері компаниялардың ресми өкілінің өтініші негізінде бастады. Тексеру барысында контрафактілік белгілері бар 615-тен астам мотор майы мен сүзгі тәркіленді.

"Компания Қазақстан Республикасының аумағында темір құтыдағы мұндай мотор майларын шығармайтынын, сондай-ақ Lexus тауар белгісімен май өндірмейтінін мәлімдеді. Сондықтан бұл өнімдер контрафактілік болып саналады. Осы факті бойынша Әділет департаментінің қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғап, материалдарды қарау үшін сотқа жолдады. Сонымен қатар қозғалтқышқа арналған сүзгілер де анықталып, тәркіленді. Бұл сүзгілер өндірістен шығарылған, қазіргі таңда Toyota компаниясы оларды өндірмейді", – деді Шымкент қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Мұхтар Әбдезов. 

Тәркіленген мотор майының сапасына сараптама жүргізілген жоқ. Оның ішінде сапасы әлдеқайда төмен май болуы мүмкін. Ал жалған жағармай материалдарын пайдалану қозғалтқыштың мерзімінен бұрын тозуына, май жүйесінің ластануына, қозғалтқыштың қызып кетуіне және қымбат жөндеу жұмыстарына әкелуі ықтимал.

Қазақстан Республикасының "Тауар белгілері туралы" заңына сәйкес, құқық иесінің келісімінсіз бөтен брендті пайдалануға тыйым салынады. Мұндай заң бұзушылық үшін әкімшілік, азаматтық-құқықтық, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 10:00
Талқылау