Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Василий Тахтай Астана күрес федерациясының вице-президенті болып тағайындалды

Василий Тахтай күрес федерациясы
Фото: Іnstagram.com/tahtaivasilii

ММА бойынша әлем чемпионы және TAKHTAY TEAM клубының негізін қалаушы Василий Тахтай Астана күрес федерациясында медиа және коммуникациялар жөніндегі вице-президент қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Василий Тахтай 1996 жылы дүниеге келген. Ол – ММА бойынша әлем чемпионы, аралас жекпе-жектен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, панкратион және жауынгерлік джиу-джитсу бойынша әлем чемпионы. Кәсіби деңгейде 10 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен.

"Дене шынықтыру және спорт" мамандығын тәмамдаған. Сондай-ақ оның бизнес және басқару саласы бойынша магистр дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласындағы №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған. Кейін Спортты дамыту дирекциясында жұмыс істеген. Қазір ол “TAKHTAY TEAM” кәсіби жекпе-жек клубының негізін қалаушы, бұл клубта 3000-нан астам спортшы жаттығады.

Сонымен қатар Василий Тахтай – Астана қаласының жастар мәслихатының депутаты, "Дала қырандары" қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі, Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшесі және блогер.

Федерация өкілдерінің айтуынша, ол кәсіби спортты дамытуға белсенді үлес қосып, қоғамдық тәртіпті қолдап, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.

Бұған дейін танымал актер, жайдарманшы Мансар Орынхан Түркістан облысы күрес федерациясының вице-президенті болып тағайындалған еді. Өнер иесі мұны өзі үшін үлкен жауапкершілік әрі сенім деп атады. Ол сондай-ақ көрсетілген қолдау үшін Түркістан облысы күрес федерациясына және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс білдірді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 16:14