Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы балалар ауруханасында бір жасар бүлдіршін мейіргерден туберкулез жұқтырған

бала туберкулез аурухана
Фото: magnific.com

Әлеуметтік желіде бір жастағы баланың Астанадағы №1 балалар ауруханасында мейіргерден ашық туберкулез жұқтырғаны туралы жазба жарияланды. Баланың әкесі Stan.kz редакциясына берген жауабында бүлдіршінді науқаспен байланыста болғандар ретінде тексеруге жібергенін, өкпесінен дақ анықталғанын айтты. 

Аты-жөнін жария етпеуді сұраған ер адам 1 жас 1 айлық балаға ауруханадан тыс екіжақты ауыр дәрежедегі жедел пневмония диагнозы қойылғанын айтты. Бүлдіршін биыл 8-13 сәуірі аралығында Астанадағы №1 қалалық ауруханада ем қабылдаған.

“Бес күн ішінде дәрігерлер тағайындаған барлық ем-домды толық алып, жағдайы жақсарып, ауруханадан шықтық. Біраз уақыт өткен соң дәл осы №1 қалалық ауруханада жұмыс істеген медбикеден ашық түрдегі туберкулез анықталғаны туралы ақпарат шықты. Осыған байланысты бізді науқаспен байланыста болғандар ретінде тексеруге жіберді. Алдымен балаға манту және диаскинтест жасалды. Оң нәтиже шыққан соң бізді өкпенің компьютерлік томографиясына (КТ) жіберді. Алғашқы КТ қорытындысында өкпеде дақ анықталды”, – дейді баланы әкесі.

Дәрігерлер мұның сәуір айында болған пневмониядан қалған өзгеріс болуы мүмкін екенін айтқан.

“Содан кейін балаға бір апта бойы антибиотик салды, одан кейін тағы бір апта антибиотик дәрі түрінде қабылдадық. Яғни, жалпы екі апта ем алдық. Осы екі апталық ем аяқталғаннан кейін баланы қайтадан өкпенің компьютерлік томографиясынан өткізді. Екі аптадан кейін қайта жасалған тексерудің нәтижесі өткен жұма күні дайын болды. Сол күні туберкулезге қарсы диспансерде дәрігерлік комиссия өтіп, бізді сонда шақырды. Дәрігерлер балама "сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіндегі біріншілік туберкулездік кешен, инфильтрация фазасы, дәріге сезімтал, жаңа жағдай" деген диагноз қойылғанын хабарлады. Бүгін, дүйсенбі күні, жұбайым мен баламды шұғыл түрде туберкулезге қарсы диспансерге жатқызбақ. Себебі, бұл ауруды дереу емдеу қажет”, – дейді ер адам.

Оның айтуынша, отбасы сенбі күннен бастап заңгерлермен жұмыс істей бастаған. 

“Демалыс күндері болғандықтан, әзірге нақты әрекет жасауға мүмкіндік болмады. Бүгін, дүйсенбі күні олар барлық тиісті мемлекеттік органдарға шағымдар дайындайды”, – деді ол.

Елордалық денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайға қатысты тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. 

“Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша балаға туберкулез диагнозының қойылуына байланысты қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия құрамында ҚДСБ-ның штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сәулелік және функционалдық диагностика маманы бар. Сондай-ақ комиссия жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің "Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тартылады. Қазір тиісті тексеру жұмыстары басталды”, – деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ баланың әкесі жұма күні құрылған дәрігерлер комиссияның қорытындыны беруден бас тартқанын айтты. Тіпті, осыдан 12 жыл бұрын әйелінің туберкулезбен ауырғанын, “баланың сырқаттануының себебі сол болуы мүмкін” деп жауапкершіліктен қашқақтады дейді. Кейін БАҚ өкілдеріне шығамын деген соң қорытындының қолына ұстатқан.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 11:39
Талқылау