Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалар ауруханасында 6 жастағы бүлдіршінге қан құйып, С гепатитін жұқтырған

бала қан геппатит
Фото: magnific.com

Алматы облысында алты жастағы бала балалар ауруханасында С гепатитін жұқтырған. Туыстарының сөзінше, вирус облыстық балалар клиникалық ауруханасында қан құю кезінде жұққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-анасының айтуынша, балаға ауруханада қан құйылған. Кейін тапсырылған талдау нәтижелері оның ағзасында С гепатиті вирусыны анықталған. 

“Біз бұл ауруханаға баламның мұрнынан қан кеткеннен кейін түстік. Тексерулерден соң оған иммундық тромбоцитопения диагнозы қойылды. Кейін қан құйылды. Біздің ойымызша, дәл осы процедура кезінде оған С гепатиті жұққан”, – деді баланың әкесі.

Әкесінің сөзінше, алты жастағы бала Түркияға сапары кезінде өзін жайсыз сезіне бастаған. Қатты жөтел пайда болып, дене қызуы көтерілген. Қазақстанға оралғаннан кейін баланың мұрнынан қан кетіп, ол шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған сирек кездесетін аутоиммунды ауру – иммундық тромбоцитопения диагнозын қойған.

Кейін дәрігерлер қажетті дәрі-дәрмек тағайындап, баланы әрі қарай емдеу үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберген. Сол жерде жүргізілген тексерулер барысында С гепатитіне жасалған ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен.

Ата-анасы баласына вирус қан құю кезінде жұққан болуы мүмкін деп есептейді. Баланың әкесі бұл істі бақылауға алуды сұрап, Президент Әкімшілігіне хат жолдаған.

Оқиғадан кейін медициналық мекемеде қызметтік тексеру басталды.

“Қазір медициналық құжаттар, медициналық көмектің көрсетілу стандарттарының сақталуы және оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп жатыр”, –деп мәлімдеді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы. 

Тексеру аяқталғаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органдар қорытынды шығарып, құқықтық баға береді.

Айым Болатқызы
Жұма, 24 Шілде, 2026 09:17
Талқылау