Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігуі мүмкін: Министрлік түсіндірді

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік амнистия өткізу президент бастамасымен қолға алынғанын еске салды.
“Амнистия қылмысқа жұмсақтық таныту емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік және жасампаздық бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасаған, бірақ қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау. Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамдық, еңбек және экономикалық өмірге толыққанды оралуына кедергі келтіретін құқықтық және қаржылық кедергілерді азайтуды көздейді”, – делінген хабарламада.
Осы тапсырманың орындалуы аясында президент тапсырмасына сәйкес мәжіліс депутаттары жекелеген құқық бұзушылық санаттары бойынша рақымшылық туралы заң жобасын әзірледі. Ішкі істер министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп аталған құжат жобасын талқылау жөніндегі жұмыс топтарының қызметіне белсенді түрде қатысуда.
Амнистия қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға да қолданылады. Сонымен қатар министрілік әкімшілік амнистия тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілетінін ерекше атап өтті.
“ІІМ желісі бойынша қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ ол ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған, залал келтірілмеген немесе толық өтелген жағдайда қолданылуы мүмкін. Адамдардың жекелеген санаттары үшін қылмыстың ауырлығына және сотталғанның тәртібіне байланысты жаза мерзімін қысқарту көзделген”, – делінген хабарламада.
ІІМ-нің заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлденнің айтуынша, қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін.
Оның айтуынша, рақымшылық жариялау қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген.
Әкімшілік рақымшылық 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.
Әкімшілік рақымшылық аясында азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдарды (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларды) 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату көзделеді.
"Бұл шара халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ олардың одан әрі экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Тек ІІМ желісі бойынша бұл шара 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды", – деді ІІМ өкілі.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланатынын мәлімдеген еді. Жуырда Сенат рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз