Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы Саин көшесінде автобусқа арналған жолақ пайда болды: Жүргізушілер бұған түбегейлі қарсы

автобус жолағы кептеліс
Фото: magnific.com

Алматыдағы Саин көшесінде автобустарға арналған арнайы жолақ пайда болды. 20 маусымнан бастап мұнда пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істей бастайды. Алайда бұл бастамаға жүргізушілер де, автосарапшылар да наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан бір ай бұрын Алматы әкімдігі ауқымды көлік реформасын жариялады. Онда жаңа автобус жолақтарын енгізу туралы айтылған еді. Енді Саин көшесінде қоғамдық көлікке арнап арнайы жолақтың таңбалары сызылып қойды. Ол Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Қазір жоба пилоттық режимде іске қосылды.

“Бұл автобустардың өткізу қабілетін қамтамасыз ету және қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылар санын арттыру үшін жасалып отыр. Оның тиімді немесе тиімсіз екенін дәл қазір айту қиын. Қалай болғанда да, біз бұл жобаны енгізіп жатырмыз. Ал оның нәтижесі мен әсері зерттеу қорытындылары бойынша белгілі болады”, – дейді Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және микромобильділікті дамыту бөлімінің басшысы Руслан Асқаров.

Ал автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, зерттеу жұмыстары жобаны іске қоспай тұрып жүргізілуі керек еді. Қоғам белсендісін шенеуніктердің асығыс шешім қабылдауы алаңдатып отыр. Ол жақында ғана экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылып, тоқтатылған көлік жобасын мысалға келтірді.

“Қазір әкімдік біздің ақшамызды жұмсады. Мысалы, Райымбек даңғылындағы BRT жобасына қыруар қаржы кетті. Енді келіп, бұл қателік болды деп отыр. Көшені қайта құруға орасан қаражат жұмсалды, ал қазір оны түзетеміз дейді. Мұның бәрі тағы да халықтың есебінен жасалады. Егер мұндай өзгерістерді шенеуніктер өз қаражатына жүзеге асырса, онда сұрақ туындамас еді. Қазір енгізіліп жатқан өзгерістер өте жылдам қабылданып жатыр”, – дейді сарапшы.

Автобустар Саин көшесімен жылдамырақ қатынауы мүмкін, алайда жеңіл көліктер үшін жағдай қиындайды деп есептейді жүргізушілер.

“Өз тәжірибемнен айтайын, Саин көшесіндегі бұл қиылыста үнемі кептеліс болады. Сондықтан мұндай шешімнің не үшін қабылданғанын түсінбеймін. Енді кептеліс бұрынғыдан да ұзарып, 2-3 сағатқа созылуы мүмкін”, “Менің ойымша, жолақтарды бөліп тастау аса қолайлы емес. Өйткені бұл жүргізушілер үшін қосымша кептеліс тудырады. Оның үстіне біздің жолдар тар, сондықтан мұндай шешімнің тиімділігі күмәнді”, “Мен қарсымын. Өйткені осы көшемен өзім жиі жүремін. Мұнда онсыз да көлік кептелісі көп. Егер автобустар жеткілікті мөлшерде болып, қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыса, өзім де автобуспен жүрер едім. Ондай жағдайда қолдар едім”, – дейді жүргізушілер.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобаға қатысты айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріледі. Пилоттық жобаның нақты қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Дегенмен шенеуніктер сынақ кезеңі кемінде екі айға жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін Алматының Тимирязев көшесіндегі БРТ автобус жолы алып тасталатыны туралы жазған едік. 

Тимирязевтегі БРТ-мен қазір күніне 120 мыңнан астам адам қатынайды. Бұл басқа көшедегі автобустардың көрсеткішінен жоғары. Себебі мұнда жолдың ортасымен 2 мың қоғамдық көлік кептеліссіз қозғалып жүр. Сол үшін де әкімдік БРТ желісін дамытуды көздеген. Бірақ жуырда Тимирязевті көліктерді бір бағытқа қана қозғалатындай етіп, автобус жолағын жолдың оң жақ бөлігіне ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды.

Айым Болатқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 08:19