Алматыда 19 сәуірден бастап автобус жолағымен кешкі мезгілде жүруге рұқсат етіледі
Алматыдағы Райымбек даңғылында автобус жолағымен барлық транспортқа жүруге рұқсат етіледі. Бірақ мұндай жеңілдік тек тиісті жерде ғана енгізілген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады. Мәліметке сүйенсек, өзгеріс 19 сәуірден бастап күшіне енеді. Әрі көлік жүргізушілері Райымбек даңғылындағы Саин көшесінен Яссауи көшесіне дейінгі аралықта сызылған автобус жолағымен жүруіне толықтай рұқсат. Бірақ оның өз талаптары бар. Яғни жұмыс күндері сағат 20:00-ден таңғы 06:30-ға дейін. Ал демалыс және мереке күндері осы учаскеде барлық автомобильдере уақыт шектеуінсіз жол жүруге болады.
“Көлік қозғалысына осы жаңалықтың енгізілуі қала ішіндегі автомобиль легін тиімді құру үшін, сондай-ақ "қарбалас шақта" және демалыс күндері арнайы бөлінген автобус жолақтарын пайдалану мәселесін шешу үшін тестілік режимде енгізілетін болады. Бөлінген жолақтар бойынша көлік құралдарының қозғалысын өзгерту 2023 жылдың соңына дейін күшінде болады”, - делінген әкімдік ақпаратында.
Дәл осы пилоттық жоба бойынша жыл соңында барлық дерек жинақталып, қаладағы көлік кептелісін реттеудің нақты шешімі қабылданбақ.