Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының Тимирязев көшесіндегі БРТ автобус жолы алып тасталмақ

Тимирязев
Фото: Видеодан скриншот

Алматының Тимирязев көшесіндегі автобус жолы бұзылуы мүмкін. Әкімдік ондағы қозғалыс тәртібін түбегейлі өзгертіп, қоғамдық көліктерді шетке ығыстыруды жоспарлап отыр. Себебі Тимирязевтің бойында автобустар басымдық алғалы, Әл-Фарабидің кептелісі көбейді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматыда БРТ желісін енгізуді қала билігі 2013 жылдан бастап жоспарлап, осыдан 8 жыл бұрын іске қосты. Бірақ нағыз БРТ желісінің бірі дәл осы Тимирязев көшесінің бойында құрылды. Яғни аялдама ортада, ал қалған көліктер жолдың шетімен жүреді. Нәтижесінде қоғамдық көлік емін-еркін жүруге мүмкіндік алды.

Тимирязевтегі БРТ-мен қазір күніне 120 мыңнан астам адам қатынайды. Бұл басқа көшедегі автобустардың көрсеткішінен жоғары. Себебі мұнда жолдың ортасымен 2 мың қоғамдық көлік кептеліссіз қозғалып жүр. Сол үшін де әкімдік БРТ желісін дамытуды көздеген. Бірақ жуырда Тимирязевті көліктерді бір бағытқа қана қозғалатындай етіп, автобус жолағын жолдың оң жақ бөлігіне ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды.

“Қазір Тимирязев көшесінің көлік өткізу қабілеті төмендегендіктен Әл-Фараби даңғылында қарбалас уақытта үлкен кептелістерді байқап отырмыз. Осы мәселені шешу үшін Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізу, сондай-ақ автобус жолағын жолдың ортасынан шеткі бөліктеріне көшіру ісі қарастырылып жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев.

Тимирязевтің ортасындағы аялдамалар бұзылып, алынып тасталуы мүмкін. Урбанистер әкімдіктің жоспарлаған өзгерісі жолаушыларға да, жүргізушілерге де пайдасын әкелмейді деген пікірде.

“Автокөліктерге ыңғайлы болса, жолаушылар жеке көлікпен жүруді таңдай бастайды. Одан кейін кептеліс автокөліктер үшін де одан бетер көбейіп, ұлғаяды”, – деді урбанист Диас Маратұлы. 

Ал халықтың БРТ-ға қатысты ұстанымы әртүрлі. Жаяулар қолдайды, көлігі барлар даттайды.

Айта кетсек, биыл күзде Тимирязевтегідей БРТ Райымбекте де салынып бітеді деген жоспар да болған. Алайда жуырда 39 миллиард теңге бөлініп құрылысының 37%-ы аяқталғанда, жоба аяқ асты тоқтатылды. Оны да бұзып алып тастауы мүмкін.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 08:20