Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының кірісі нөлге дейін төмендеді – БЖЗҚ себебін атады

БЖЗҚ кірісі нөлге дейін төмендеді
Фото: magnific.com

2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылар шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,00% деңгейінде тіркелді. Қордың түсіндіруінше, бұған ұлттық валютаның айтарлықтай нығаюы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарияланған есепке сәйкес, 1 мамырдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы зейнетақы активтері 25,57 триллион теңгеден асқан. Ал осы жылдың басынан бері қазақстандықтардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 2,78 миллиард теңге болды. Бұл қор көлемімен салыстырғанда өте аз болғандықтан, табыстылық "нөлге тең" болып көрінеді.

"Қағаз жүзіндегі" шығын мен нақты табыс

“Мұндай жағдай тек уақытша және шетел валютасының теріс курстық қайта бағалануымен байланысты. 2026 жылдың басынан бері теңге долларға қатысты 8,43%-ға нығайған, яғни, 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін”, – деп мәлімдеді қор.

БЖЗҚ портфелінің едәуір бөлігі ұзақ мерзімді инфляциядан қорғау үшін шетел валютасындағы құралдарға инвестицияланғандықтан, теңгенің нығаюы бұл активтердің теңгедегі құнын "қағаз жүзінде" 392,67 миллиард теңгеге төмендеткен.

Сонымен қатар БЖЗҚ-ның басқа бағыттардағы нақты табысы тұрақты түрде жоғары:

  • Бағалы қағаздар бойынша сыйақы (купондар мен дивидендтерді қоса алғанда) – 738,65 миллиард теңге;
  • Бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табыс – 27,77 миллиард теңге;
  • Сыртқы басқарудан түскен табыс – 30,22 миллиард теңге.

Алайда ауқымды валюталық шығын бұл кезеңдегі табыстардың басым бөлігін "жойып жіберген".

БЖЗҚ-ның түсіндірмесі

Зейнетақы қоры салымшыларға зейнетақы қаражатын қысқа мерзімді кезеңдермен бағаламау керек екенін еске салды. Себебі зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция.

“Бағалы қағаздардың нарықтық және курстық қайта бағалануы әлемдік нарықтағы геосаяси жағдайлар мен құбылмалылыққа байланысты. Қысқа мерзімді ауытқулар нақты ұзақ мерзімді табыстылықты көрсетпейді”, – деп түсіндірді қор.

Салыстыру үшін БЖЗҚ мына деректерді келтірді: 2025 жылдың мамырынан 2026 жылдың мамырына дейінгі 12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 8,57% болды, ал осы кезеңде қазақстандықтар үшін жалпы инвестициялық табыс 2 триллион теңгеден асты.

Қазір БЖЗҚ инвестициялық портфелі теңгерімді: активтердің 68,9%-ы ұлттық валютада, ал 31,1%-ы шетел валютасында, яғни, негізінен долларда орналастырылған.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 16:09