Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда мұғалімдерді рейдтерге қатысуға мәжбүрлеп жатыр деген ақпарат тарады

Талдықорған рейд мұғалімдер (1)
Фото: Әлеуметтік желіден

Egov.Press Telegram арнасында Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп-гимназиясында мұғалімдерді қоғамдық орындардағы рейдтерге қатысуға мәжбүрлеп жатыр деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“25 мамыр күнгі оқу жылының аяқталуына байланысты, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша рейдтік іс-шара ұйымдастыру кестесі", – делінген құжатта жауапты мұғалімдердің аты-жөні көрсетілген. 

Осыған қатысты Жетісу облысы білім басқармасына сұрау салдық. Алайда ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, мұғалімдерді олардың кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Бұл норма мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және олардың негізгі қызметі – оқыту мен тәрбиелеуге толық көңіл бөлуін қамтамасыз етуге бағытталған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған қалалық полиция басқармасы профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр, оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады. Telegram және әлеуметтік желілерде таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді”, – деп жауап берді облыстық білім басқармасындағылар.

Ведомство мұғалімдердің құқықтары мен еңбек міндеттерінің заңнамада белгіленген тәртіпте сақталуын қатаң бақылауда екенін атап өтті.

 “Әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген функционалдық міндеттер аясында ғана жұмыс істейді”, – делінген ресми жауапта.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 16:37